Әйел адамға айыппұл салынды
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында үйінде алып питон жыланын ұстаған әйел адамға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай, әйел үйінде салмағы шамамен 30 кг, ұзындығы 3-3,5 метр болатын питон ұстаған. Алайда оған CITES талаптарына сәйкес рұқсат құжаттары болмаған.
Әйелдің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, сұрау хаттамасы және фотосуреттермен расталған.
Сот оны кінәлі деп танып, 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды. Құқық бұзушылық сипаты мен тұлғаның ерекшелігін ескере отырып, айыппұл 30%-ға азайтылып, 30 275 теңге болып белгіленді.
Питон мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.