Семей қаласының тұрғындарына қаражат қайтарылды
Семейде суға жауапты компания тарифті 480 млн теңгеге жуық заңсыз табыс тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысының прокуратурасы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру барысында заң бұзушылықтарды анықтады. «Семей Водоканал» МКК 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның бірқатар іс-шараларын орындамай, жоғары тарифтер бойынша табыс алған.
Нәтижесінде тұтынушылар салқын сумен жабдықтау қызметтері үшін 375,1 млн теңге, ал кәріз қызметтері үшін 103,7 млн теңге көлемінде артық төлем жасаған.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде заңсыз шешімдердің күші жойылып, кәсіпорын 13,8 млн теңге мөлшерінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
«Семей қаласы мен Жаңасемей ауданының тұрғындары үшін артық төленген қаражатты қайтару 2026 жылы уақытша өтемдік тариф енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Салқын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің құны 12%-ға дейін төмендетілді.
110 мыңнан астам тұтынушының құқықтары қорғалды, оның ішінде 106 мың жеке тұлға, 3,3 мың заңды тұлға және 14 инвестор бар. Азаматтардың құқықтарының сақталуы мәселелері Абай облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында», – делінген прокуратура хабарламасында.