Прокурорлар араласқаннан кейін бұл мәселе шешілген
ШҚО прокуратурасының көмегімен асыраушысынан айырылған екі балаға жәрдемақы төленетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алтай ауданының прокуратурасы жергілікті тұрғынның қамқорлығындағы немересінің әлеуметтік құқықтарының бұзылуы туралы өтініші бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру барысында өтініш беруші 2023 жылдың тамыз айынан бастап кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі болып саналатыны анықталды. Алайда заң талаптарына қарамастан, 2023 жылдың тамыз айынан 2026 жылдың қаңтар айына дейін балаға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындалмаған және төленбеген.
«Тексеру нәтижелері бойынша аудан прокуроры уәкілетті органның атына прокурорлық ден қою актісін енгізді. Қадағалау органының араласуынан кейін мектепте оқитын кәмелетке толмаған балаға өткен кезең үшін 575 мың теңге мөлшерінде берешек төленді және ай сайынғы төлем мөлшері 46 783 теңгені құрады. Сондай-ақ колледжде күндізгі бөлімде оқитын оның кәмелетке толған ағасының құқықтары да қалпына келтірілді.
Бүгінгі күні қамқорлықтағы тұлғалардың әлеуметтік құқықтары толық көлемде қалпына келтіріліп, төлемдер жүйелі бақылауға алынды», – делінген прокуратура хабарламасында.