Қазақстанда 16 қылмыстық топ құрықталып, олардан 500-ге жуық ұрланған мал табылды
Үш күн ішінде мал, ет және ет өнімдері сатылатын ірі базарлар тексерілді
Елімізде Ішкі істер министрлігі 3-5 наурыз аралығында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, үш күн ішінде мал, ет және ет өнімдері сатылатын ірі базарлар тексерілді. Полицейлер ауыл шаруашылығы малдарын тасымалдаған 10 мыңнан астам автокөлікті қарап, 3,5 мыңнан астам етті сатып алу және өңдеу орнын, сондай-ақ 6,5 мыңнан астам шаруа қожалығын, жайылымдық учаскелер мен фермерлік шаруашылықтарды тексерді.
Іс-шара қорытындысы бойынша 82 адамның мал ұрлығына қатысы бары анықталып, 16 қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Иелеріне 500-ге жуық мал қайтарылды.
Мәселен, Абай облысында бір мезгілде мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топтың жолы кесілді. Олар аталған өңірде бірнеше мал ұрлығын жасаған. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында ірі мегаполистер – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан 9 заңсыз мал сою цехы анықталды.