Рульде отырып, есінен танып қалған: Қызылордада полицейлер жас жігітті құтқарып қалды (ВИДЕО)
Полицейлер жедел жәрдем қызметін шақырып, жас жігітті дәрігерлерге тапсырды
Қызылордада патрульдік полицейлер көлік жүргізіп келе жатып есінен танып қалған жас жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – Бақытжан Еңсебай мен Нұрбол Байжанов қызмет барысында жол жиегіне шығып кеткен көлікті байқаған. Көліктің дөңгелегі жарылғанын көрген олар мән-жайды анықтау мақсатында көліктің жанына барады. Осы сәтте олардың қасына бір әйел жүгіріп келіп, өзінің інісі көлік жүргізу кезінде талмасы ұстап, көлік ішінде ес-түссіз жатқанын айтып, шұғыл көмек сұраған.
Оқиға орнында жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 21 жастағы жігіттің есін жиғызып, оның өмірін сақтап қалды. Полицейлер жедел жәрдем қызметін шақырып, жігітті дәрігерлерге тапсырды.
«Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен үйлесімді жұмысы жас жігіттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген қиын сәтте адамдарға көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Құтқарылған жігіттің анасы ұлын аман алып қалған полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.