$ 491.59  572.16  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Конституциялық реформа: сарапшылар жаңа Конституция жобасын талқылады

Жаңа құжаттағы басты тетіктер қаралды 

Конституциялық реформа: сарапшылар жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Автор/Azattyq Rýhy

Астанада «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сараптамалық платформаға жиналғандар жаңа Конституцияның басты бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарапшылар жаңа Конституциядағы басты бағыт-бағдар мен тетіктерді ортаға салып, ойларын айтты. Мәселен, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Сайфулинқызы жаңа Конституцияда жастар үшін қандай артықшылықтар бар екенін айтып берді. 

«Жаңа құжаттың  үшінші бабында ғылым, білім, технология және инновация еліміздің басты стратегиялық бағыттары мен принциптері ретінде айқындалғаны бізді қатты қуантады. Бұл, әрине, жастар үшін өте маңызды. Сонымен қатар, Конституцияның жиырма үшінші бабында цифрлық мәселелерге ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда адамның құқықтары тек офлайн кеңістікте ғана емес, онлайн кеңістікте де қорғалуы аса маңызды»,- дейді ол. 

Оның мәліметіне сәйкес, жастардың шамамен 65 пайызы өздерінің онлайн деректерінің жоғалуына алаңдайды және бұл мәселеге байланысты қорқыныш білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституциядағы нормалар цифрлық қауіпсіздік мәселелерімен үндесіп, цифрлық кеңістікте жастардың және жалпы қоғамның құқықтарын қорғауға бағытталғанын байқауға болады.

«Бұдан бөлек, жаңа Конституцияда алғаш рет зияткерлік меншік мәселесі де көтеріліп отыр. Егер креативті экономиканы қарастыратын болсақ, ол еліміздің экономикасының маңызды драйверлерінің бірі екені сөзсіз. Ал креативті индустрия зияткерлік меншіксіз дами алмайды. Өйткені зияткерлік меншік авторлардың еңбегін қорғауға, олардың өнімдерін ілгерілетуге және кеңінен таратуға мүмкіндік береді»,- дейді ол. 

Жалпы алғанда, былтыр Мемлекет басшысының жарлығымен айқындалған ішкі саясаттың негізгі принциптері — «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» сияқты қағидаттар жаңа Конституция нормаларымен үйлесіп отыр деп айтуға болады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттардың басымдығы туралы ереженің алынғанына қатысты пікір білдірді.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір әлемдегі геосаяси жағдайды тұрақты деп айту қиын. Көп қалыптасқан ережелер бұзылып, халықаралық қатынастардағы ойын шарттары қайта қаралып жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін, сондай-ақ болашақтағы экономикалық және басқа да стратегиялық басымдықтарын сақтауы тиіс. Сондықтан ең алдымен біздің Конституциямыз бен заңдарымыз Қазақстанның мүддесіне қызмет етуі керек деген қағидат басшылыққа алынып отыр»,- дейді Сарым.

Яғни депутат атағандай, болашақта қандай да бір халықаралық келісімшарт Конституцияға қайшы келеді деп танылса, ол міндетті түрде Конституциялық соттың қарауынан өтеді. 

«Егер Конституциялық сот келісімшарттың жекелеген баптары біздің заңнамамызға қайшы деп тапса, онда мұндай келісімшарттар қабылданбайды немесе ратификацияланбайды. Сонымен қатар Қазақстан өзіне тиімді баптарға ғана қосылу немесе тиімсіз баптардан бас тарту мүмкіндігін де қарастырып отыр. Әрине, бұл жұмыс референдумнан кейін жүзеге асады. Наурыздың 15-і референдум өтеді. Егер Конституция қабылданатын болса, одан кейін Парламентте халықаралық келісімшарттар мен мемлекетаралық қатынастарға қатысты барлық заңнама қайта қаралып, тиісті өзгерістер енгізіледі. Соның ішінде бұл мәселелер де нақтылай түседі»,- деді ол. 

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қолданыстағы 1995 жылы қабылданған Конституцияда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде жариялағанын еске салды. 

«Бұл қағидаттар жаңа Конституция жобасында да еш өзгеріссіз сақталып отыр. Яғни біз әлеуметтік мемлекет ретінде аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ өзіңіз атап өткен мигранттарға қатысты әлеуметтік принциптерді бұрынғыдай ұстанамыз. Бұл бағытта ешқандай өзгеріс жоқ. Жалпы, өздеріңіз білесіздер, Конституция – рамалық құжат. Яғни ол мемлекеттің негізгі бағыт-бағдарын айқындайды. Ал нақты, тікелей қолданылатын нормалар Конституцияға негізделген заңдарда, кодекстерде және басқа да нормативтік-құқықтық актілерде белгіленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ұстанып келе жатқан бағытынан тайған жоқ»,- дейді ол. 

Ал заңнаманың күшеюіне келсек, қазіргі кезде бұл бағытта да нақты жұмыстар жүріп жатыр. 

«Мысалы, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарына қатысты заңдар қаралып жатыр. Айта кету керек, 2023 жылы сайланған Парламент құрамында инклюзивті өкілдік бар, яғни мүгедектігі бар азаматтар да депутат ретінде жұмыс істеп отыр. Сол әріптестеріміздің қатысуымен көптеген заңдар мен нормативтік актілерге қазірдің өзінде бірқатар өзгерістер енгізілді.Мәселен, қала құрылысына қатысты кейбір нормалар бұрын заңға тәуелді актілер деңгейінде ғана реттеліп келсе, қазір олар тікелей заң деңгейінде бекітіліп жатыр. Мысалы, ғимараттарға пандустар орнату сияқты талаптар заң арқылы нақты белгіленіп отыр»,- дейді ол. 

Заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимовтың айтуынша, жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды тетіктердің бірі - адам құқықтарына қатысты нормалар. 

«Бұл конституциялық реформаның басты мақсаттарының бірі — адам құқықтарын тек қорғап қана қоймай, оларды қамтамасыз етудің нақты кепілдіктерін қалыптастыру. Ең алдымен, адам құқықтары табиғи құқық ретінде бекиді. Яғни, бұл құқықтар мемлекет тарапынан берілетін емес, адамның туғаннан берілетін ажырамас құқықтары ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері де айқындалған. Біріншіден, бұл — сот жүйесі арқылы қорғау. Екіншіден, конституциялық бақылау, яғни Конституциялық сот арқылы қорғау мүмкіндігі қарастырылған»,- дейді ол. 

Бұдан бөлек, Конституция нормаларына адамның жеке қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды қағидаттар енген.

«Мысалы, азаматтардың процессуалдық құқықтарын сақтау мәселесін атап өтуге болады.Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы қағидаты бекітіледі. Яғни, соттың заңды үкімі шықпайынша, ешбір азаматты кінәлі деп тануға болмайды. Тағы бір маңызды норма — азамат ұсталған жағдайда оның құқықтары міндетті түрде түсіндіріліуі тиіс. Егер құқық қорғау органдары азаматты күдікпен ұстайтын болса, оған не себепті ұсталғаны түсіндіріліп, оның үндемеуге құқығы бар екені, телефон арқылы хабарласуға құқығы бар екені, сондай-ақ адвокат шақыруға құқығы бар екені айтылуы тиіс. Осындай нормалардың барлығы адам мен азаматтың қадір-қасиетін қорғауға және құқықтарын қамтамасыз етуге болады»,- дейді ол.