$ 491.59  572.16  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мұғалімдерге ChatGPT қолдануға ресми рұқсат берілді

Жаңа әдістемеде педагогтің шешімі басты орында қалатыны айтылды

Мұғалімдерге ChatGPT қолдануға ресми рұқсат берілді
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мұғалімдерге сабақ барысында жасанды интеллект құралдарын, соның ішінде ChatGPT сервисін қолдануға рұқсат етілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен жаңа әдістемелік ұсынымдарда көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің мәліметінше, құжат мектеп тәжірибесіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің әдістемелік негіздерін айқындайды. Негізгі қағида бойынша, жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, тек оқу процесін жеңілдететін көмекші құрал ретінде қолданылады.

Әдістемеге сәйкес, мұғалімдер ЖИ сервистерін сабаққа дайындалу, оқу материалдарын бейімдеу және түрлі талдамалық жұмыстар жүргізу үшін пайдалана алады. Алайда оқушылардың білімін бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай педагогтің құзырында қалады.

Министрлік толық автоматтандырылған бағалауға жол берілмейтінін атап өтті. Жасанды интеллект арқылы дайындалған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс.

Сонымен қатар құжатта оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге тыйым салынатыны және сабақ барысында қолданылатын платформалар қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес болуы керектігі нақты көрсетілген.

Академиялық адалдық мәселесіне де ерекше назар аударылған. Оқушылар жасанды интеллект көмегімен дайындалған жұмысты өз еңбегі ретінде ұсына алмайды. Мұғалімдер күмән туған жағдайда тапсырманы қайта орындатуға құқылы.

Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens және өзге де цифрлық сервистерді қолданудың дайын алгоритмдері мен сабақ сценарийлері ұсынылған. Бұл тәсіл мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын әр оқушының жеке ерекшелігіне бейімдеуге мүмкіндік береді.

Құжат Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланған. Әдістемелік материалдарды педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары және оқушылар пайдалана алады. Министрлік бұл бастама мектептердің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде дамытуға бағытталғанын атап өтті.