Астанада жүзден астам зейнеткер қайырымдылық шараларға қатысып жүр

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар түрлі әлеуметтік және қоғамдық шараларға қатысады

Фото: gov.kz

Бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Күміс еріктілер» клубында 100-ден аса зейнеткер бар, олардың орта жас шамасы 61-75 жас аралығында. Ерікті ата-әжелер Астана қаласында өтетін қайырымдылық акциялары мен экологиялық сенбіліктерге белсене атсалысады, тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, ұрпақтар сабақтастығы аясында қала мектептерімен, студент жастармен бірлесіп жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орталықтың күміс еріктілері «Ұлттық волонтерлік  желі» заңды тұлғалар бірлестігімен және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен Меморандум аясында көп игі шараларды атқарды.

Қаладағы ерікті зейнеткерлер қайырымдылық іс-шараларға жиі тартылады. Мәселен, Нұра ауданының «Күміс еріктілер» клубының мүшелері «Шарапат» қарттар үйінде концерттер, «Жансая», «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қайырымдылық акцияларын өткізді. Бос уақыттарында «Күміс еріктілер» клубының әжелері мүмкіндіктері шектеулі балаларға арнап киім-кишектер тоқып, қолдан сыйлықтар жасайды.

Мәселен, орталықтың күміс еріктілері қаладағы ірі қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады. Атап айтқанда, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» барысында олар этноауылда қонақтарды қарсы алып, көрермендер мен қала қонақтарына ойын бағдарламасы мен нысандардың орналасуы бойынша анықтамалық көмек көрсетті.

«Жыл бойы күміс еріктілердің бастамасымен бірқатар қайырымдылық және әлеуметтік акциялар өткізілді. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында коммуналдық қызметкерлерге алғыс білдіріліп, ыстық шай мен бауырсақ таратылды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш отырғызу және жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Балаларды қорғау күні қарсаңында орталықтың ардагерлері медициналық мекемелердегі ерте туылған нәрестелерге арналған қолмен тоқылған бас киім мен шұлықтар дайындап, қайырымдылық акциясын өткізді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әлеуметтік орталықтарда концерттер, шеберлік сабақтары және спорттық турнирлер ұйымдастырылды. Күміс еріктілердің белсенді еңбегі қоғамда үлкен құрметке ие. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық мәдениетін дамытуға маңызды үлес қосып келеді» - деп пікір білдірді  Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы Райхан  Удергенова.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының үздік еріктілері волонтерлік жұмыстың қорытындысы бойынша «Ұрпақ сабақтастығы», «Мәдени-рухани және спорттық бағыт», «Сауықтыру бағыты», «Қайырымдылық бағыты» және «Экологиялық бағыт»  атты бес номинациясы бойынша  ерекшеленді.