Алматының жүргізушілеріне ескерту: енді көшедегі камералар жаңа айыппұлдар салады
Жаңашылдықтар жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тәртібіне қатысты
Алматы қаласында автоматты камералар жол ережесін бұзудың жаңа түрлерін тіркей бастайды. 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 31-бабына Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі аясында қабылданған өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңашылдықтар жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тәртібіне қатысты.
«Жаңа нормалар жүргізушілер үшін қосымша шектеулер енгізбейді және талаптарды күшейтпейді. Заң талаптары өзгеріссіз қалады – тек құқық бұзушылықтарды тіркеу тәсілі жаңарады. Басты мақсатымыз – заманауи технологиялардың көмегімен жолдағы тәртіпті арттырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының өкілі Айдын Меркімбаев.
Осыған дейін автоматты жүйелер құқық бұзушылықтың алты түрін тіркейтін: жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, дұрыс тоқтамау немесе тұрақ ережесін бұзу, озу қағидаларын бұзу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Енді олардың мүмкіндігі кеңейтіледі.
Автоматты тіркеу камералары қосымша құқық бұзушылықтарды, оның ішінде көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау деректерін де анықтай алады.
Сонымен қатар мемлекеттік дерекқорлармен ықпалдасу нәтижесінде міндетті сақтандыру полисінің болмауы, техникалық байқаудың мерзімінің өтуі және заңнамада көзделген өзге де құжаттық сипаттағы бұзушылықтар автоматты түрде тіркелетін болады.
Заңнамада ескерту көзделген жекелеген жағдайларда жүйе оны автоматты түрде рәсімдей алады.
«Қабылданып жатқан барлық шара профилактикалық сипатқа ие. Негізгі мақсат — Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының өмірі мен денсаулығын қорғау, жүргізушілердің қауіпті әрекеттерін дер кезінде анықтау және жол қозғалысына заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру», – деп атап өтті Айдын Меркімбаев.