Ирандағы «қышқыл бұлт» Қазақстанға жетуі мүмкін бе? Қазгидромет түсіндірді
Мұндай ақпарат Ирандағы бірқатар соққыдан кейін шыққаны белгілі болды
Желіде Ираннан Қазақстанға қышқылды бұлттар жылжып келе жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын. «Қазгидромет» бұл қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қауесет қайдан шықты
Oblako.uz басылымының хабарлауынша, Иранда мұнай инфрақұрылымына жасалған бірқатар соққылардан кейін күрделі экологиялық жағдай қалыптасқан. Оның салдары басқа өңірлерге де әсер етуі мүмкін деген болжам айтылған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, соққылар болған аумақтың үстінде улы химиялық қосылыстардан тұратын ірі бұлт пайда болған. Иранның кейбір аймақтарында тұрғындар ауада ерекше химиялық иіс шығып, қара түсті жауын-шашын жауғанын айтып жатыр. Болжам бойынша, ауа ағындары бұл бұлтты Орталық Азия елдері мен Қытай бағытына қарай алып кетуі мүмкін. Ықтимал әсер аймағына Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан кіруі мүмкін», – деп жазады басылым.
Алайда «Қазгидромет» бұл ақпараттың бақылау нәтижелерімен расталмайтынын мәлімдеді.
«Қышқылды жауын-шашынның Қазақстанға қарай жылжуы мүмкін деген ақпарат ғылыми деректерге сәйкес келмейді», – деп атап өтті ведомство.
Қышқылды жауын-шашын қалай пайда болады
Қышқылды жауын-шашын атмосфераға өнеркәсіп, энергетика және көлік көздерінен бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінен түзіледі. Әдетте мұндай жауын-шашын ластану көзіне жақын аймақтарда шоғырланады. Ал алыс қашықтыққа тараған кезде бұл заттардың концентрациясы табиғи атмосфералық процестердің әсерінен едәуір төмендейді.
Мониторинг және ұсыныстар
«Қазгидромет» РМК таратқан мәліметке сүйенсек, Ираннан Қазақстан аумағына қышқылды жауын-шашынның таралу белгілері тіркелген жоқ. Мамандар азаматтарға тек метеорологиялық қызметтер мен экологиялық ведомстволардың ресми мәліметтеріне сүйенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға кеңес береді.