10 наурызда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы қолайсыз болады

Автор: Дәулет Ботагөз

Кей өңірлерде жағдай күрделене түспек

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Синоптиктер сейсенбі, 10 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен ел аумағының басым бөлігінде қолайсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап. 

Ертең республиканың түкпір-түкпірінде жауын-шашын күтіледі. Әсіресе, келесі өңірлерде жағдай күрделене түспек:

Солтүстік және солтүстік-батыста қалың қар жауады деп болжануда.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде қар аралас жаңбыр жауады.

Сонымен қатар, республика бойынша қатты жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман болады деп күтілуде.

Еліміздің оңтүстік бөлігінде табиғи апат қаупі бар. Синоптиктер желдің екпіні секундына 30 метрден асатынын ескертті:

1. Түркістан облысы: тау асуларында қатты жел тұрады;

2. Жамбыл облысы: таулы және тау бөктеріндегі аудандарда дауыл соғады;

3. Алматы облысы: күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында жел күшейеді;

4. Жетісу облысы: Алакөл көлдері маңында желдің екпіні артады.