Мысыр билігі: ел туристер үшін қауіпсіз бағыт болып қала береді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазақстан мен Мысыр СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Фото: istockphoto.com

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар жөніндегі министрі Бадр Әбделатимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, әңгіме барысында тараптар Таяу Шығыста қалыптасқан күрделі жағдайды талқылады. Министрлер өңірдегі шиеленісті бәсеңдетудің маңызын атап өтіп, барлық даулы мәселелерді халықаралық құқық қағидаттары негізінде саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар сұхбат кезінде Қазақстан мен Мысыр арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы қаралды. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Мысырдың сыртқы істер министрі Бадр Әбделати өз кезегінде елдің шетелдік туристер үшін қауіпсіз бағыт болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мысырлық билік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отыр.

Әңгіме қорытындысында тараптар жоғары және биік деңгейдегі сапарлар алмасуды жандандыруға, сондай-ақ екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.