Газада Израиль соққыларынан қаза тапқандар саны 72 123 адамға жетті
Бітім күшіне енгеніне қарамастан, шабуылдар жалғасып жатыр
2023 жылдың қазан айынан бері Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 72 123 адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Газа секторындағы денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, осы уақыт ішінде жараланғандар саны 171 805 адамды құраған.
Аймақта атысты тоқтату туралы келісім күшінде болғанына қарамастан, Израиль әскері Газаға соққы беруді жалғастырып жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 10 қазан күні күшіне енген бітімнен кейінгі кезеңде шабуылдар салдарынан 640 адам қаза тауып, 1 707 адам жарақат алған.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы 48 сағат ішінде аймақтағы ауруханаларға 3 адамның мәйіті жеткізіліп, тағы 3 палестиналық түрлі жарақатпен түскен.
Сонымен қатар құтқару қызметтері қирандылар астынан тағы 753 адамның мәйітін шығарған. Мамандардың айтуынша, қираған ғимараттардың астында әлі де мыңдаған адамның денесі болуы мүмкін.
Аймақтағы гуманитарлық жағдай күрделене түскен. Үздіксіз әуе соққылары мен қираған инфрақұрылым салдарынан медициналық көмек көрсету мен құтқару жұмыстары да едәуір қиындап отыр.