Дәрігерге қол көтергендерге жаза қатаңдайды: Қазақстанда жаңа заң күшіне енді
Медицина қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсеткендерге 4 325 000 теңгеге дейін айыппұл салынып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. 7 наурыздан бастап дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандарға жаза қатаңдатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары елдің әр өңірінде медицина қызметкерлеріне қатысты шабуылдардың жиілеуіне байланысты Қылмыстық кодекске жаңа норма енгізілді. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген.
Жаңа бапқа сәйкес, қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына немесе қауіпсіздігіне қол сұққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Заң нормалары бойынша зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытқан тұлғаларға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 865 000 теңгеден 2 162 500 теңгеге дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
Егер мұндай әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейін күшейтіледі.
Ал медицина қызметкеріне өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданған жағдайда 500-ден 1000 АЕК-ке дейін, яғни 2 162 500 теңгеден 4 325 000 теңгеге дейін айыппұл салынады. Сонымен бірге дәл осы мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.
Егер зорлық-зомбылық адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірсе, кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жағдайда жаза 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаюы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, заңнамалық өзгерістермен қатар медицина ұйымдарында қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Соның аясында 2,1 мыңнан астам фельдшер видеожетондармен жабдықталады, 636 қабылдау бөлімінде дабыл түймелері орнатылады, бейнебақылау жүйелері интеллектуалды талдау технологияларымен біріктіріледі. Сонымен қатар елдегі 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді.
Ресми дерекке сәйкес, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және денсаулық сақтау саласының басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл дерегі тіркелген. Жаңа заң нормалары медицина мамандарының қауіпсіздігін күшейтіп, мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.