Құжат аясында бірқатар салада әртүрлі және көпқырлы өзара іс-қимылдың нысандары мен тетіктерін жетілдіру көзделеді
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттарға 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде жасалған Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді қарау ұсынылады. Құжат үшжақты іс-әрекеттің тұрақты моделін қалыптастыруға және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Онда ЖЭК әлеуетін тиімді пайдалану, тараптар арасында, сондай-ақ Еуропа мемлекеттерімен және басқа аймақтармен арада экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамыту қарастырылады.
Сонымен қатар Мәжілістің қарауына 2023 жылғы 4 мамырдағы Елдер арасындағы өзара одақтастық іс-әрекет туралы декларацияны дамыту шеңберінде әзірленген Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт енгізіледі. Құжат аясында саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы әртүрлі және көпқырлы өзара іс-қимылдың нысандары мен тетіктерін жетілдіру көзделеді.
Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде қол қойылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісім де енгізілді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақстан мен Катар Мемлекеті арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобасы жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.