Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады – Тоқаев
Сөз арасында елімізде халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамығанын айрықша атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетінін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық. Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді.
Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемендігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау.
Ата Заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз арасында елімізде халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамығанын, мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келе жатқанын айрықша атап өтті.
«Жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп. Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек. Ең бастысы – адам капиталын жақсартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сондықтан біз білімді, еңбекқор, жасампаз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беруіміз қажет.
Қазіргі таңда дүние жүзінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айтылуда. Бұл – бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз», – дейді президент.
Өз сөзінде президент Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қарағанын, шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетілетінін, ал бұл саясат алдағы уақытта да жалғасатынын қозғап өтті.
«Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты. Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі.
Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.
«Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады», – дейді президент.
Оның айтуынша, «Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз, дейді президент.
«Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.
Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн.
Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады», – деді мемлекет басшысы.