Ақтөбеде 25 жастағы ер адам науқас анасының шотынан 10 млн теңге ұрлап алған
Ұлы сот үкімімен 6,6 жылға сотталды
Ақтөбеде сот анасының есепшотынан 10 миллион теңгеге жуық ақша ұрлаған 25 жастағы жұмыссыз ұлына үкім шығарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, ер адам инсульт алған әрі смартфонның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмайтын анасының жағдайын пайдаланып кеткен. Ол әйелдің банктік қосымшасын өз телефон нөміріне қайта тіркеп, есепшотқа қол жеткізген. Бірнеше күннің ішінде шоттан 9 миллион 899 мың теңге аударылған.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ. Оның айтуынша, өз есепшоты бұғатталғандықтан, анасының шотын пайдалануға рұқсат сұраған. Айтуынша, инсульттан кейін әйел дұрыс сөйлей алмағандықтан, тек басын изеген, ал ол мұны келісім ретінде қабылдаған. Сондай-ақ кейін есепшоттағы ақшаны пайдалануға тағы да рұқсат сұрап, оны қайтарамын деп уәде бергенін айтты.
Алайда сот бұл нұсқаны қабылдамады. Анықталғандай, есепшоттағы қаражат әйелдің кәсіпкер інісіне тиесілі болған. Ол бизнес айналымы үшін әпкесінің банктік шотын пайдаланған. Іс бойынша дәл осы кәсіпкер жәбірленуші деп танылды.
Тергеу барысында айыпталушының анасының депозитіндегі ақшаны бұрынғы бірге тұрған әйелдерінің шоттарына аударғаны да белгілі болды. Әйелге көмектескен әлеуметтік қызметкердің айтуынша, инсульттан кейін оның денесінің сол жақ бөлігі сал болып қалған. Сондай-ақ ол ұлының анасын жиі ренжітіп, зейнетақысын алып қоятындықтан, кейде әйелдің азық-түліксіз қалатынын жеткізген.
Сот ер адамды ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім жарияланғаннан кейін сотталған адам бірден қамауға алынды. Сондай-ақ ол жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.