Бүгін елдің басым бөлігінде тұман, боран және көктайғақ күтіледі
«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, желдің күшеюі мен аралас жауын-шашын жауады
4 наурызда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Синоптиктер желдің күшеюі, жауын-шашын, көктайғақ пен тұманға байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Метеорологтардың болжамынша, елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында жел күшейіп, кей өңірлерде жауын-шашын байқалады.
Абай облысында жел оңтүстік-шығыстан соғып, күндіз облыстың солтүстігі мен орталығында екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында кей уақыттарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен таулы аумақтарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы қаласында да тұман мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні күндіз 15 м/с шамасында болады. Қонаевта түнде тұман түсіп, таңертең және күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін.
Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында тұман түседі. Атырау қаласында да түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Түркістан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр. Таулы аудандарда кей уақытта жауын-шашын күшейіп, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с, тау асуларында 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Түркістан мен Шымкент қалаларында жаңбыр жауып, тұман түседі.
Ұлытау және Қарағанды облыстарының бірқатар аудандарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Кей жерлерде тұман болады.
Ақтөбе облысында да аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ болжанып отыр. Желдің екпіні облыстың батысы мен солтүстігінде 15–18 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі. Орал қаласында желдің жылдамдығы күндіз 15–20 м/с болады.
Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында қар мен бұрқасын, күндіз жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін. Кей аудандарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ пайда болады. Желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді.
Маңғыстау облысында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал. Ақтауда да түнде және таңертең тұман күтіледі.
Павлодар облысының солтүстігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ болжануда.
Қызылорда облысының солтүстігі, шығысы және орталығында көктайғақ пен тұман күтіледі.
Жетісу облысында жолдарда көктайғақ пайда болуы мүмкін. Кей жерлерде тұман түседі, ал Алакөл ауданында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында түнде қар жауып, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Кей уақытта тұман мен көктайғақ байқалады. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақмола облысында қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Астанада жолдарда көктайғақ болып, күннің екінші жартысында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Синоптиктер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда сақ болуды, ал алыс жолға шығатын азаматтарға ауа райының өзгерісін ескеруді ұсынады.