Семейдегі сауда орталығында алапат өрт: шатыр опырылып, ғимаратты жалын шарпыды

Автор: Мөлдір Қазыбай

«Арман» ойын-сауық орталығында өрт күшейтілген режимде сөндіріліп жатыр

Фото: istockphoto.com

Семей қаласындағы «Арман» сауда-ойын-сауық орталығында ірі өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері ғимараттың ашық жалынға оранғанын анықтаған.

ТЖМ ақпарынша, Абай облысының құтқарушылары Шугаев көшесінде орналасқан ойын-сауық орталығындағы өртті сөндіруде. Өрт үдей түскен, соның салдарынан ғимарат шатырының бір бөлігі құлаған.

«Өрт қарқынды сипат алды, шатырдың бір бөлігі опырылды. Әкімшілік өкілдерінің айтуынша, адамдар өз бетімен эвакуацияланған. Өртті сөндіру жұмыстары жанғыш материалдардың көптігі мен қою түтінге байланысты күрделеніп отыр», – деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның дерегінше, нысанның периметрі бойынша су беру оқпандары орналастырылған, соның ішінде биіктік техникасы тартылған. Су үздіксіз жеткізіліп жатыр. Өртке қарсы қызмет жоғары дәрежелі дабыл бойынша жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта 112 қызметіне зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.