Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан Паралимпиада-2026 кейінге шегеріле ме?
Халықаралық паралимпиада комитеті Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты ресми мәлімдеме жасады
Таяу Шығыстағы зымырандық соққылар мен әуе кеңістігінің шектелуі 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының өтуіне әсер ете ме деген сауал күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халықаралық паралимпиада комитеті (ХПК) Милан мен Кортинада өтетін қысқы Паралимпиада-2026 ойындарына байланысты жағдайды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді. Комитеттің ресми хабарламасына сәйкес, қазіргі ахуалдың ойындарға және жалпы паралимпиадалық қозғалысқа ықпалын бағалау үшін қолда бар ақпарат жиналып, нақтыланып, сарапталып жатыр.
«Бұл жағдай ойындарға қатысатын ұлттық паралимпиада комитеттеріне ғана емес, барлық мүшелерімізге әсер ететінін түсінеміз. Ең алдымен адамдарға келетін салдары туралы ойлаймыз, зардап шеккен жандармен біргеміз», – делінген.
Соған қарамастан, Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың күшеюіне және халықаралық әуе рейстері кестесінің өзгеруіне қарамастан, комитет ойындарды бекітілген жоспарға сәйкес өткізуге ниетті екенін атап өтті.
«Біз жағдайдың ойындарды ұйымдастыруға, әсіресе сапарларға әсерін бағалап отырмыз. Негізгі мақсатымыз – қысқы Паралимпиада ойындарын жоғары деңгейде өткізу және бұл шараның әлемдегі 1,3 миллиард мүгедектігі бар адам үшін әлеуметтік интеграция алаңы болып қала беруін қамтамасыз ету. Біз ойындарға қатысатын барлық делегациямен және өзге де мүдделі тараптармен тығыз байланыстамыз. Көптеген командалар қазірдің өзінде Еуропада жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Дегенмен Таяу Шығыстағы әуе кеңістігінің жабылуы кейбір қатысушылардың келуіне әсер етуде. Қазіргі кезеңде жекелеген делегациялар немесе спортшылардың мәртебесіне қатысты түсініктеме бермейміз. Алайда Милан мен Кортина-2026 ұйымдастырушыларымен бірлесіп, әсер еткен тараптарға шешім табу үшін бар күшімізді саламыз», – делінген хабарламада.
Паралимпиада ойындары – мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін 4 жылдық кезеңнің басты бәсекесі. ХПК өкілдері Милан – Кортина-2026 ойындары қауіпсіз, сенімді әрі жоғары деңгейде өтетініне сендірді.
Қазіргі жағдайда негізгі тәуекел жарыстың өзінен гөрі логистика мен халықаралық әуе қатынасына қатысты шектеулерге байланысты. Дегенмен ұйымдастырушылар мен комитет ойындардың форматы мен мерзіміне қатысты өзгеріс жоқ екенін, дайындық жоспарға сай жалғасып жатқанын жеткізді.