Тіркелген жеріңізден тыс болсаңыз, референдумда қалай дауыс беруге болады?

Автор: Мөлдір Қазыбай

15 наурызда басқа қалада жүретін азаматтар алдын ала өтініш беруі тиіс

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Биыл 15 наурызда өтетін республикалық референдум күні тіркелген мекенжайынан тыс жерде болатын азаматтар дауыс беру құқығын алдын ала рәсімдеуі қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Орталық референдум комиссиясы түсіндіргендей, егер азамат дауыс беру күні өз учаскесінен тыс жерде болса, 14 наурызда сағат 18:00-ге дейін тіркелген жеріндегі учаскелік комиссияға жазбаша өтініш беруі тиіс. Өтінішпен бірге жеке басын куәландыратын құжат ұсынылады. Осыдан кейін комиссия азаматқа есептен шығару куәлігін табыстайды.

Есептен шығару куәлігін азаматтың өзі ғана емес, сенімхат арқылы өкілі де ала алады. Бұл ретте сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді.

Алайда құжат жоғалған жағдайда ол қайта берілмейді және телнұсқасы жасалмайды. Сондықтан комиссия құжаттың сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сонымен қатар бір елді мекеннің шегінде орналасқан басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейді.

Дауыс беру күні азамат өзі болатын жердегі учаскеге барып, есептен шығару куәлігін көрсетуі қажет. Осы құжат негізінде учаскелік комиссия оны дауыс берушілер тізіміне енгізеді.

Қосымша ақпарат алу үшін тұрғындар өз елді мекенінің әкімдігі жанындағы call-орталықтарға хабарласа алады.