Туризмге серпін берер жаңа құқықтық негіз: Өскеменде Конституция жобасы талқыланды
Аида Балаева туризмге инвестиция тарту үшін заңның айқындығы мен тұрақты саясат қажет екенін мәлімдеді
Өскеменде туризм саласының өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылап, алдағы референдумға қатысуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің сапары аясында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік етті.
Кездесуге Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Денис Рыпаков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Сергей Пономарев, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және өңірдің туризм саласы өкілдері қатысты.
Аида Балаева өз сөзінде жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқықтары мен қауіпсіздігін ел дамуының басты басымдығы ретінде айқындайтынын атап өтті. Оның мәліметінше, құжат мемлекеттік құрылымды нығайтып қана қоймай, экономикалық өсімге құқықтық және институционалдық тірек қалыптастыруды көздейді.
Министр туризм саласы үшін құқықтық тұрақтылық, инвестициялық сенім және табиғи-мәдени мұраны қорғау шешуші мәнге ие екенін айтты.
«Табиғатты қорғау қағидатын бекіту үлкен маңызға ие. Бұл туристік сала үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қоршаған ортаны қорғау тек экологиямен байланысты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақтың мәселесі. Табиғат – экономикалық ресурс қана емес, біздің ұлттық бірегейлігіміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау –міндетіміз, ал оны жан-жақты дамыту – өскелеңұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Туризм саласы үшін ерекше маңызды дүние – алдын ала пайымдау мен сенім. Инвесторлар мен кәсіпкерлер заңның айқын болуына, меншік құқығының қорғалуына және мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығына сенімді болуы тиіс», – деп атап өтті Аида Балаева.
Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов туризмнің орнықты дамуы табиғатты қорғаумен қатар, бизнестің инфрақұрылымға, қызмет сапасына және жаңа бағыттарға инвестиция салуына жағдай жасайтын құқықтық негіздерге тәуелді екенін жеткізді.
«Туризм туралы сөз қозғалғанда, әсіресе Шығыс Қазақстан секілді ерекше аймақ туралы айтқанда, бір нәрсе маңызды. Табиғат қорғалуы тиіс, ал кәсіпкер ертеңгі күніне сенімді болуы керек. Экожолдар, сапаржайлар, қызмет көрсету, қауіпсіздік, цифрлық платформалар арқылы дамыту – мұның бәрі сенім мен тұрақты ережелерге негізделген. Егер Конституцияда табиғатқа жауапкергілікпен қарау және «Заң мен тәртіп» бекітілсе, бұл салаға ұзақмерзімді даму мен инвестициялар үшін мықты негіз береді», – деп атап өтті депутат.
Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев ұсынылған бір палаталы парламент – Құрылтай үлгісіне тоқталып, оның мақсаты заң шығару үдерісіндегі артық рәсімдерді қысқарту және депутаттардың жауапкершілігін арттыру екенін айтты.
«Бір палаталы парламент – Құрылтай – бұл тиімді үлгіге көшу. Екі палаталы жүйеде бір заң жобасы бірнеше оқылымнан өтіп, палаталар арасында келісімдер мен қайта қараулар болуы мүмкін, бұл процесс ұзарып, артық әкімшілік кезеңдерге ұласады. Ал бір палаталы жүйеде осы артық әрекеттер азайып, кәсібилік пен нақты жауапкершілікке басымдық беріледі. «Құрылтай» атауы біз үшін жақын, тарихи мәні бар ұғым.Онда маңызды шешімдер қабылданған. Ал бүгінде бұл заманауи институционалдық құрылымға айналмақ», – деді ол.
Жиын соңында Шығыс Қазақстанның туристік қауымдастығы өкілдері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, референдумға қатысу қоғам сенімін арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің орнықты дамуына ықпал ететінін атап өтті.