Бүгін кешкі уақыттан бастап республикалық трассалардың бірқатар учаскесінде барлық көлікке шектеу енгізілді
2 наурыз күні сағат 19:00-дегі жағдай бойынша ауа райының күрт бұзылуына байланысты 4 облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бөліктерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қолайсыз метеорологиялық ахуал салдарынан Ақмола, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы негізгі бағыттар жабылды. Шектеу барлық көлік түріне қатысты.
Ақмола облысында «Көкшетау – Атбасар» автожолының 105-184 шақырым аралығы, яғни Балкашин ауылы мен Атбасар қаласының арасы уақытша тоқтатылды.
Жетісу облысында «Үшарал – Достық» бағытының 84-164 шақырым аралығында, Көктұма ауылы мен Достық станциясы арасында қозғалыс шектелді.
Абай облысында «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» республикалық трассасының 778-1013 шақырым аралығы, Аягөз қаласынан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі бөлігі жабылды.
Ал Шығыс Қазақстан облысында аталған жолдың 1013-1062 шақырым аралығы, яғни Абай облысының шекарасынан Рубеж бекетіне дейінгі учаскеде қозғалысқа тыйым салынды.
Жауапты қызметтердің мәліметінше, жолдарды 3 наурыз күні сағат 09:00-де ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта республикалық трассаларды күтіп-ұстау жұмыстарына 854 арнайы техника жұмылдырылған.
Жүргізушілерге бағыттар бойынша ахуалды алдын ала нақтылау ұсынылады. Қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.