Соңғы үш жылда ел шекарасында 1,1 млн қорап темекі тәркіленген

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар контрабандалық жолмен әкелінген

Фото: © istockphoto.com

Соңғы үш жылда Қазақстан шекарасында 1,1 миллион қораптан астам контрабандалық темекі тәркіленген. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Миллиардтар қайда кетті?

Ресми мәліметке сүйенсек, үшінші елдерден заңсыз жолмен әкелінбек болған тауарлардың жалпы құны 8,285 млрд теңгені құраған. Ал ЕАЭО елдерінен құны 638,9 млн теңгеден асатын өнімдер анықталды.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары бірнеше заңсыз айналымның жолын кесті. Олар:

  • 68 дана атыс қаруының жиынтық бөлшектері;
  • 205 мыңнан астам контрафакт өнімі (жалпы құны 17,4 млн теңге);
  • 29 алкоголь зауыты мен 2 темекі шығаратын жасырын цех жойылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылы заңсыз айналымнан 10,3 млн қорап темекі өнімі мен 10 млн дана дайын темекі өнімдерін тәркіледі.

Құны 13 млрд теңге болатын 1 миллионға жуық вейп темекілері де бар. Алматылық бес тұрғын вейптерді еліміздің барлық өңіріне таратудың қылмыстық жоспарын ұйымдастырған.

Денсаулық сақтау органдары 2025 жылы 34 мыңнан астам өнім үлгісін зерттеп, оның 22,4% талапқа сай емес екенін анықтады.

  • Азық-түлік емес тауарлардың 42,8% сапасыз болып шықты.
  • Осы сипаттамалардың 70,2% үшінші елдерден келген тауарларға тиесілі.
  • Таңбалаудың дұрыс еместігі (95,8%), микробиологиялық көрсеткіштер және нитраттардың шамадан тыс көп екені анықталды.

Бақылау барысында ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) мен балалар тағамын мемлекеттік тіркеусіз сатып келген 977 әлеуметтік желі парақшасы анықталды.