Партияаралық диалогта жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары талқыланды

Автор: Темірхан Айжан

Спикерлер Ата Заң жобасының әлеуметтік, экологиялық және экономикалық басымдықтарын атады

Фото: t.me/referendum_2026

«Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық диалог барысында спикерлер Ата Заң жобасының негізгі бағыттарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпыұлттық коалициясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Маггерам Магеррамов жаңа Конституция әрбір азаматтың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасайтынын айтты. Оның сөзінше, құжат әділеттілік, жауапкершілік және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде белсенді әрі бастамашыл азаматтық қоғамның дамуына серпін береді.

Ал Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов жаңа Конституцияның негізі – адамға бағдарланған ұстаным екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет ең алдымен адам үшін, оның құқықтары, ар-намысы мен бостандығы үшін қызмет етуге тиіс. Жоба адам өмірі мен құқықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітеді. Депутат әділеттілік нақты іс жүзінде көрініс табуы қажет екенін айтып, еңбек қадірленіп, заң халыққа қызмет етіп, әр азамат өзін қорғалған әрі болашағына сенімді сезінуі керектігін жеткізді.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Конституция жобасында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің түбегейлі қағидаты ретінде енгізілгенін айтты. Оның пікірінше, бұл норма қоршаған ортаны қорғау мәселесін егемендік, заң үстемдігі және адам құқықтарымен тең дәрежеге көтереді.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев 8-баптың 3-тармағына назар аударды. Ол жер қойнауындағы байлықтан түсетін табыс халық игілігіне жұмсалуы тиіс екенін айтып, қаражат ауыл инфрақұрылымын дамытуға, жол салуға және мектептер салуға бағытталуы қажет екенін атап өтті.