Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады
Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады
Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары барысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 25 ақпан күні болды. Осыған қатысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Ведомство мәліметінше, ұшақ экипажы дер кезінде катапульт жасады. Ұшқыштар дін аман, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазіргі уақытта медициналық мамандардың бақылауында.
«Ұшақ құлаған аумақ қоршауға алынды. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына еш қауіп жоқ. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды. Комиссияны ұшу қауіпсіздігі жөніндегі департамент басқарады. Құрамына авиациялық қызметтің арнайы мамандары кірді.
Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.