Павлодарда вейптерге қатысты даудан кейін жұмыстан шыққан әскери шенді қызметіне қайта оралды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол енді алты айлық амалсыз жұмыссыз жүрген уақыты үшін 4 683 546 теңге алады

Фото: gov.kz

Павлодар облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығы сотқа жүгініп, өзін қызметіне қайта орналастыруды және амалсыз жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақысын өндіріп беруді талап етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Павлодар қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімінде көрсетілгендей, өңірлік ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы 2025 жылдың маусымында жұмыстан босатылған. Бұған дейін оның үйінде рұқсат етілмеген тінту жүргізіліп, нәтижесінде жұбайына тиесілі 3 ноутбук пен ұялы телефон тәркіленген. Бұл әрекеттер вейптерге қатысты қылмыстық істі тергеу аясында жасалған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың 20 мамырына дейін ол жеке кәсіпкер директорына заңсыз ақша сыйақысы (пара) үшін темекі тартылмайтын табак өнімдері мен электронды тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз тарату және сатуда қамқорлық көрсетті деген күдікке ілінген», – делінген сот шешімінде.

Тергеудің басталуы подполковникті қызметінен босатуға негіз болған.

Оның айтуынша, жұмыстан шығару ол ауруханада ем алып жатқан кезеңде жүзеге асырылған. Қараша айының соңында сол кездегі ҰҚК департаменті оның қылмысқа қатыстылығы дәлелденбегендіктен қылмыстық істі тоқтатқан. Осыған байланысты полицей ПД-ға қарсы сотқа талап-арыз беріп, қызметіне қайта алуын сұраған.

«Павлодар облысы полиция департаменті» ММ өкілінің пікірінше, талапкер қызмет беделін түсіретін әрекет жасап, қызметтік әдеп талаптарын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған. Қылмыстық істің тоқтатылуы талапкерді ақтамайды, себебі іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған», – деп көрсетілген сот шешімінде.

Тараптардың уәждерін тыңдап, ұсынылған дәлелдерді зерттеген сот жұмыстан шығарылған қызметкердің талабын негізді деп танып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тапты. Ол жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына, бұрынғы арнайы атағына қайта тағайындалып, алты айлық амалсыз жұмыссыз жүрген уақыты үшін 4 683 546 теңге жалақы өндірілетін болды.