«Ұлттық банк қызметкерімін»: Павлодарда кейуана 1,3 млн теңгесін алаяқтарға беріп жіберді
Полиция ол қаражатты қайтаруға көмектесетінін айтты
Павлодар облысында кейуана алаяқтарға алданып, 2 млн теңгесінен айырылып қала жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарияның айтуынша, үй телефонынан алаяқтар хабарласып, өздерін Ұлттық банк қызметкері деп таныстырған.
«Олар құжаттарымды шұғыл түрде «қайта рәсімдеу» қажеттігін айтты. Әңгіме барысында ол менің банктегі есепшотымда қандай сома бар екенін сұрады. Мен есепшотта 2 млн теңгеден астам қаражат бар екенін айттым. Кейін оның нұсқауымен 1 млн 300 мың теңгені аударып бердім. Кейін ер адам қайта қоңырау шалып, үйге көлік келіп, мені көрсетілген мекенжайға жеткізетінін айтты. Сол уақытта жүргізушімен сөйлеспеуім туралы қатаң нұсқау берді. Барлық уақыт бойы ол WhatsApp мессенджері арқылы байланыста болып, нақты нұсқаулар беріп отырды», – дейді полицияға жүгінген зейнеткер.
Барлық әрекеттер телефон арқылы алаяқтың нұсқауымен жасалған. Зейнеткерге ешкіммен сөйлесуге және туыстарымен бұл тақырыпты талқылауға мүмкіндік берілмеген. Алаяқтар оны тәулік бойы «құрығына» алған.
Зейнеткер қалған соманы аудару үшін банкке барған кезде, банктегі қызметкер оның мінез-құлқына мән беріп, полицияға хабарлаған. Полиция қызметкерлері келгенде, қосымша заңсыз әрекеттердің алдын алып, қалған қаражаттың аударылуына жол бермеді. Сондай-ақ, зейнеткерге бұрын аударған қаражатты қайтаруға көмектесті.
Зейнеткер мен оның жұбайы полиция қызметкерлеріне жедел әрі кәсіби жұмысы үшін үлкен алғыс білдіріп, сол арқылы қаржылық жинақтарының маңызды бөлігін сақтап, ұрланған қаражатты қайтаруға мүмкіндік алғандарын айтты.
«Полиция еске салады: банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы қаражат аударуды талап етпейді және азаматтарды такси арқылы банкоматқа жібермейді. Осындай қоңыраулар келген жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, 102 нөмірі арқылы құқық қорғау органдарына хабарлау қажет», – делінген облыстық ПД хабарламасында.