Жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы: Күдікті күйеу бала Индонезиядан табылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жоғалғандар тізімінде болған марқұмдардың қызы да күдіктімен бірге шетелде жүргені белгілі болды

Фото: Атырау облыстық ПД

Атырау облысында жұмбақ күйде жоғалып кетіп, кейін мәйіттері табылған ерлі-зайыптылардың ісі бойынша күдікті шетелде ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ведомство қызметкерлері шетелдік әріптестермен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде күдіктіні Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түсірген. Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша екі адамды қасақана өлтірді деген күдікке ілінген. 

Із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған марқұмдардың қызы да күдіктімен бірге жүргені анықталды. Ол күдіктінің бұрынғы жұбайы. Әйел бұған дейін халықаралық іздеуге жарияланған.

«Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр», — деп мәлімдеді министрлік.

Жангелдин ауылында тұратын отбасының жоғалғаны туралы ақпарат былтыр жыл соңында белгілі болды. 25 желтоқсанда жақындары полицияға арызданғаннан кейін іздестіру шаралары басталды. Араға уақыт салып, үй ауласындағы шаруашылық нысанынан ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.

Марқұмдардың 3 баласы, яғни 35, 30 жастағы қыздары мен 32 жастағы ұлы болған. Ерлі-зайыптылардың балалары 25 желтоқсанда ресми түрде із-түзсіз хабарсыз кеткендердер қатарына енгізілген еді.