Маңғыстауда полицейдің айтқанын орындамаған шетел азаматы қамауға алынды
Оған қатысты сот қаулысы шықты
Маңғыстау облысында шетел азаматы полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін қамауға алынды. Ер адам куәландырудан өтуден бас тартқан. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сот 26 қаңтар күні Кұрық портында мас күйде болған шетел азаматы полиция қызметкерінің қызметтік міндетін атқаруына байланысты қойылған заңды талабын орындамағанын анықтаған. Нақтылай айтқанда, ер адам полиция қызметкерінің куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамаған.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, соттан жеңілірек жаза қолдануды сұраған. Ведомство мәліметінше, оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының рапортымен және құқық бұзушының түсініктемелерімен дәлелденген.
Сот қаулысымен шетел азаматы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабы 1-бөлігі (полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.