Алматы тұрғыны көлігімен дрифт жасап, видеосын желіге жариялаймын деп дауға қалды (ВИДЕО)
Полицейлер оны тауып, айыппұл салды
Алматыда жас жігіт көлігімен дрифт жасап, видеосын әлеуметтік желіге жариялаймын деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық ПД мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері жолдың жүріс бөлігінде қауіпті маневрлер жасап, дрифт элементтерін орындау арқылы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған автокөлік жүргізушісінің бейнежазбасын анықтады.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол қарсы бағыттағы жолаққа шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін апаттық жағдай туындату және жол қозғалысы ережелерінің өзге де талаптарын бұзу деректері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
«Мұндай жауапсыз әрі қауіпті әрекеттер өзгелердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Полиция мұндай фактілерге принципті түрде әрекет етеді. Бейнежазбаның әлеуметтік желіде жариялануына немесе бейнебақылау камераларымен тіркелуіне қарамастан, әрбір өрескел құқық бұзушылыққа құқықтық баға беріледі. Азаматтардың қауіпсіздігі мен жауапкершіліктің бұлтартпастығы – біздің басты басымдығымыз», – деп хабарлады Серік Шумаев.