Альпинист сүйіктісін боранды тауда қалдырып кеткен: сот оны өлімге кінәлі деп таныды
Австрия соты 33 жастағы әйелдің қаза болуына байланысты 37 жастағы альпинисті абайсызда кісі өлтіру бойынша кінәлі деп таныды
Австрияда 33 жастағы әйелдің тауда үсіп көз жұмуына байланысты сот 37 жастағы альпинисті абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The Guardian басылымының ақпарынша, қайғылы оқиға 2025 жылғы 18 қаңтарда Австрияның ең биік шыңы – Гросглокнер тауында болған. Томас пен Керстин жоспарланған уақыттан кешіксе де, көтерілуін тоқтатпаған. Тергеу материалдарына сәйкес, Керстин әбден әлсіреген сәтте, шыңға шамамен 50 метр қалғанда Томас оны қалдырып, көмек іздеуге кеткен. Алайда әйел тау басында үсіп қайтыс болған.
Сот үкімімен айыпталушыға 5 ай шартты жаза және 9 400 еуро көлемінде айыппұл тағайындалды. Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, Томас серіктесін көрпемен жаппаған, сондай-ақ ұйықтайтын қаптың сыртынан жабылатын қорғаныш қабымен орамаған. Бұл заттардың барлығы оның сөмкесінде болғаны анықталған.
Айыптаушы тарап оның жағдайды көре тұра кері қайтпағанын ерекше атап өтті.
“Ауа райының нашарлауы мен тауға ұзақ көтерілуде тәжірибесі жоқ Керстинтің әлсірегенін көре тұрып кері қайтпады”, – деп айыптады олар.
Сондай-ақ прокуратура айыпталушының қараңғы түскенге дейін құтқару қызметімен байланыспағанын және ұшып бара жатқан құтқару тікұшағына да апатты дабыл қақпағанын мәлімдеді. Томасқа 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнгенімен, ол кінәсін мойындамаған. Сотта сүйіктісінің өліміне қатты өкінетінін айтқан.
Сот процесі барысында айыпталушының бұрынғы сүйіктісі де жауап берген. Оның айтуынша, 2023 жылы Томаспен бірге дәл осы Гросглокнер шыңына көтерілген кезде жарық шамы істен шығып, ол да түн ішінде жалғыз қалдырылған.
Марқұм Керстиннің анасы Гертрауд сот басталар алдында айыпталушыны қызының өліміне кінәлі санамайтынын айтқан. Оның сөзінше, Керстин жақсы физикалық дайындықта болған және бұдан да күрделі бағыттарға шыққан тәжірибесі бар.
Істі қараған тәжірибелі альпинист Норберт Хофер сот отырысында айыпталушыны “қанішер” деп есептемейтінін жеткізді. Дегенмен ол айыпталушы мен серіктесінің дайындық деңгейі арасында елеулі айырмашылық болғанын атап өтіп, қалыптасқан жағдайда жауапкершілікті Томас өз мойнына алуы тиіс деген пікір білдірді.