Түркістанда көші-қон талаптарын бұзған 31 жастағы азамат мәжбүрлі түрде депортацияланды
Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азамат елден шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, өңірде заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Кезекті тексеріс барысында Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істеп жүрген 31 жастағы Африка құрлығының азаматын анықтаған.
Тексеру кезінде оның атқарып жүрген қызметі рұқсат етілген біліктілігіне сәйкес келмейтіні белгілі болды. Осыған байланысты шетелдікке «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР-ның халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бабы бойынша әкімшілік шара қолданылған. Сот шешімімен оған Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Алайда азамат сот қаулысын орындаудан жалтарған. Полицейлердің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде құқық бұзушы Шымкент қаласының аумағынан қайта анықталды.
Осыдан кейін ол Қазақстан Республикасынан мәжбүрлі түрде шығарылды. Полиция қызметкерлері шетелдікті әуе рейсі арқылы өз еліне жөнелтті.
Құқық қорғау органдары өңірдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шетел азаматтарын Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға және ел аумағында болудың белгіленген талаптарын бұзбауға шақырды.