Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті
Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Онда Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева мемлекет бала тәрбиесіне қашан араласатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Конституция жобасына сәйкес - балаларды тәрбиелеу, оларға қамқорлық жасау ата-ананың басты құқығы және міндеті болып табылады. Яғни, ата-аналардың басты құқығы бар. Ал мемлекет балалардың құқығын қамтамасыз етіп, қауіпті жағдайларда немесе балалардың құқығы бұзылған жағдайларда араласады», – деді ол.
Балалар омбудсмені мынандай мысал келтірді: қазіргі таңда әлеуметтік салада мемлекет балалардың құқығын қамтамасыз етіп, отбасыларға қолдау және көмек көрсетеді.
«Осы бағытта қазіргі таңда елімізде түрлі 49 қызмет бар және 15 түрлі жәрдемақы көзделген. Сонымен қатар, қабылданған заңдарға сәйкес барлық өңірлерде, әр ауданда отбасыны қолдау орталықтары ашылды, мобильдік топтар құрылды. Бұл мобильдік топтар былтыр 13 мың қиын жағдайда тұратын отбасыларды анықтап, отбасылық орталықтарға сүйемелдеуге қабылданды» – деді Закиева.
Айта кетсек, дәл осы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституцияның тек ең жоғары заң ғана емес, сонымен бірге өзіндік қоғамдық келісім екенін атап өтті.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық комиссия мүшесі Айдос Сарым заңның сапалы болуы неліктен өте маңызды екеніне тоқталды.
Ал ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Құрылтай мен Халық кеңесі институты не үшін енгізіліп отырғанын айтты.
Дәл осы жиында ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова өңірлердің өмір сүру деңгейінің маңызына тоқталды.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық комиссияның мүшесі Үнзила Шапақ халықаралық құжаттарды ратификациялаудың жаңа тәртібі туралы айтты.