Ерлан Саиров Құрылтай мен Халық кеңесі институтының функцияларына тоқталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті

Фото: ҚСЗИ

Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Онда ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Құрылтай мен Халық кеңесі институты не үшін енгізіліп отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тұрақтылықты қалыптастырудың демократиялық әдісі ретінде Құрылтай мен Халық кеңесі институты енгізіліп отыр. Құрылтайға келетін болсақ, Қазақстанда өте мықты президент институтын сақтай отырып, Құрылтай әртүрлі билік тармағында бақылау функциясы артып отыр», – деді ол.

Депутат бұл функцияларды бөлек атап, әрқайсысына жеке тоқталды.

«Біріншіден, үкіметті бақылау функциясы. Екіншіден, бюджетті бақылау функциясы. Үшіншіден, мемлекеттік органдарды бақылау функциясы. Егер бюджетті талқылау кезінде Құрылтай бюджетті қолдамаса, онда бұл үкіметке деген сенімсіздік вотумы болып саналады. Екіншіден, депутаттардың үштен екісі белгілі бір министр өзінің қызметін орындай алмай жатыр деген шешім қабылдаса, онда Президент сол министрді қызметтен алуға міндетті болады», – деді депутат.

Айта кетсек, дәл осы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституцияның тек ең жоғары заң ғана емес, сонымен бірге өзіндік қоғамдық келісім екенін атап өтті.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық комиссия мүшесі Айдос Сарым заңның сапалы болуы неліктен өте маңызды екеніне тоқталды.