Қарағандыда дропперлікпен айналысқан студенттерге сот үкімі шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар банк шоттарын үшінші тұлғаларға берген 

Фото: © freepik.com

Қарағанды қаласында банк шоттарын үшінші тұлғаларға заңсыз бергені үшін екі студент айыпты деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазыбек би аудандық прокуратурасының мәліметінше, мемлекеттік айыптаушы ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-тармағы бойынша екі күдіктінің ісін сотта дәлелдеп шыққан. Тергеу барысында жастардың ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарын бөгде адамдарға бергені анықталды.

Бұл шоттар, әдетте, киберқылмыскерлер мен алаяқтардың ұрланған қаражатты жылыстатуы үшін қолданылады.

Сот отырысы барысында студенттер өз кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін білдірді. Олардың кінәсі жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық расталды. Екі айыпталушы да кінәлі деп танылып, оларға айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.