$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай облысында жаңа Конституцияның мәні тұрғындармен ашық талқыланды

Еңбек ұжымдары жаңа Конституция жайлы хабардар болды

Қостанай облысында жаңа Конституцияның мәні тұрғындармен ашық талқыланды
Фото: https://referendum2026.kz/

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының жұмысы Қостанай облысы Меңдіқара ауданына қарасты Боровское ауылында жалғасты. Коалиция мүшелері ауыл тұрғындарымен және бірқатар еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының мазмұнын жан-жақты түсіндірді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Боровское ауылындағы «Юбилейный» мәдениет үйінде өткен жиынға 300-ге жуық тұрғын қатысты.

Басқосу барысында жаңа Конституцияның саяси жүйені жаңғыртудағы, заң үстемдігін нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі рөлі кеңінен талқыланды.

Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл алдағы референдумның тарихи маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл саяси науқан – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын жауапты кезең. Референдум арқылы азаматтар мемлекеттің болашақ бағытын айқындауға тікелей қатысып, қоғамдық келісім мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға өз үлесін қосады.

«Конституциялық өзгерістер қоғам сұранысынан туындап отыр. Ол билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Ата заң әр азаматтың болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжат. Сондықтан референдумға қатысу баршамыздың ортақ миссиямыз әрі азаматтық жауапкершілігіміз. Әр азаматтың дауысы әділетті және прогрессивті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді Әбіл.

Кездесу барысында қатысушылар конституциялық реформаладың ауыл-аймақтардың дамуына, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал ететініне назар аударды.

Коалиция мүшелері осы мазмұндағы түсіндіру жұмыстарын аудандық аурухананың еңбек ұжымымен де өткізді. 70-ке жуық медицина қызметкері қатысқан кездесуде конституциялық өзгерістердің әлеуметтік салаға және денсаулық сақтау жүйесіне әсері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, адам өмірі мен денсаулығының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалуы, әлеуметтік кепілдіктердің нығаюы және еңбек құқықтарының қорғалуы – реформалардың маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Денсаулық сақтау саласының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, реформалардың практикалық маңызына қатысты ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ Боровское ауылында бюджет саласының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру және әлеуметтік саясатты әділ жүзеге асыру мәселелері сөз болып, жаңа Конституция осы бағыттағы жүйелі өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастыратыны атап өтілді.

Бұдан бөлек Қарабаев атындағы оңалту орталығының ұжымымен өткен кездесуде де спикерлер реформалардың ұйым ішіндегі жұмыс тиімділігін жақсартуға, қызметкерлердің кәсіби әлеуетін арттыруға және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жоғарылатуға қосатын үлесін атап өтті.