Боран мен көктайғақ салдарынан бірқатар өңірде республикалық жолдар жабылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ұлытау, Павлодар, Ақмола, Абай және Қарағанды облыстарында қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді

Фото: istockphoto.com

Еліміздің бірнеше аймағында ауа райының күрт бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалысқа шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 18 ақпан сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Ұлытау облысындағы 2 республикалық автожолда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Атап айтқанда, «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Шідерті» автожолының 433–750 шақырымы Жезқазған қаласынан Жаңаарқа кентіне дейінгі аралықта және «Жезқазған — Арқалық — Петропавл» автожолының 24–64 шақырымы Сәтбаев қаласынан Жезді елді мекеніне дейін жабылды.

Сағат 21:00-ден бастап Павлодар облысында барлық бағытта қозғалысқа шектеу қойылады.

Сонымен қатар 18 ақпан сағат 21:00-де ауа райының нашарлауына байланысты бірқатар өңірде республикалық маңызы бар автожолдар барлық көлік түрлері үшін жабылады.

Ақмола облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолының 16–200 шақырымы Астана қаласынан Павлодар облысы шекарасына дейінгі бөлікте қозғалыс тоқтатылады.

Абай облысында «ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсан — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы Үрлітөбе өткізу пункті» автожолының 583–733 шақырымы Павлодар облысы шекарасынан Семей қаласына дейін жабылады.

Қарағанды облысында да 21:00-ден бастап бірнеше бағытта қозғалыс шектеледі. «Қалқаман — Баянауыл — Үміткер — Ботақара» автожолының 231–324 шақырымы Павлодар облысы шекарасынан Ботақара ауылына дейін және «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Шідерті» автожолының 970–1135 шақырымы Қарағанды қаласынан Павлодар облысы шекарасына дейін уақытша жабылады.

Жолдарды 19 ақпан сағат 09:00-де ашу жоспарланған. Құзырлы орган жүргізушілерге алыс сапарды кейінге қалдыруды, ауа райы болжамын ескеруді және ресми ақпаратқа сүйенуді ескертті.