Құмар Ақсақалов істі болған орынбасарының қызметінен босатылғанын айтты

Автор: Асыл Арман

Ол өзінің өтініші бойынша жұмысынан кеткен

Фото: Gov.kz

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «ТоболИнфо» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өңір басшысының айтуынша, Гүлбарам Мұсағазина 2026 жылғы 11 ақпанда берген өтініші негізінде қызметінен босатылған.

«Өздеріңізге белгілі, Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны туралы ақпарат тарады. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдар тергеу барысына араласуға және қандай да бір баға беруге құқылы емес. Барлық мән-жай объективті әрі жан-жақты қаралады деп сенемін», – деді Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталғаны белгілі болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.