$ 489.99  580.25  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкенттің Абай ауданында жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша кездесулер өтті

Жаңа Конституция жобасының қоғам сұранысына негізделгені айтылды

Шымкенттің Абай ауданында жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша кездесулер өтті
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелері Шымкент қаласының Абай ауданындағы бірқатар нысанды аралап, тұрғындармен ашық диалог өткізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұмысшы топ құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек, «Ауыл» партиясы атынан Қарақат Әбден, «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы Нұрғазы Бұхарбай, атқарушы хатшы Әбдез Рахманұлы, «Ақ жол» партиясы атынан Адай Кенжебекұлы, мәслихат депутаттары – Ерғали Білісбеков, Талғат Ысхахов, Нұрсұлтан Балабиев, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов, заңгер Гузаль Абдурахманова, БПҰ төрайымы Айнұр Бимырзаева болды.

Алғашқы кездесу «Ізетті зейнеткер» орталығында өтті. Коалиция мүшелері ардагерлермен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен қоғамға әкелетін өзгерістері жөнінде кеңінен түсіндірді. Ардагерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, адам құқықтары, әлеуметтік қорғау және қоғамдық әділеттілік мәселелерін талқылады.

Одан кейін делегация №6 емхана ұжымымен кездесті. Жиынға 50-ге жуық медицина қызметкері қатысып, Ата заңның жаңа жобасына қатысты пікірлерін білдіріп, құқық қорғау, әлеуметтік кепілдіктер мен жергілікті басқару жүйесіне байланысты сұрақтарына нақты жауап алды.

Қайнарбұлақ тұрғын алабында өткен кездесуде де белсенді талқылау мен пікір алмасу болды. Жергілікті тұрғындар Конституциядағы жаңа нормалар мен өзгерістер жөнінде өз ойларын ашық айтып, алдағы референдумға қатысуға ниетті екендерін жеткізді.

Сондай-ақ «ALSERA KZ» жылыжай кешенінде 200-ге жуық қызметкер қатысқан жиында Конституция жобасының ерекшеліктері жан-жақты талқыланды. Коалиция мүшелері 15 наурызда өтетін референдумның тарихи маңызына тоқталып, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы маңызды екенін атап өтті.

Басқосуларда жаңа Конституция жобасының қоғам сұранысына негізделгені, адам құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталғаны айтылды. Қатысушылардың сауалдарына нақты жауап беріліп, ұсыныстары назарға алынды. Жалпы Абай ауданында өткен бұл кездесулер тұрғындардың жаңа Конституция жобасын жан-жақты түсінуіне, өз пікірін білдіруіне мүмкіндік берді.