Бас хатшы Қазақстанда жүріп жатқан саяси реформаларға жоғары баға берді
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының бас хатшысы Рамиль Хасанмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Байел жалпы түркілік өзара іс-қимылдағы ТүркПА-ның маңызын атап өтіп, ұйым қызметінің одан əрi жүйелене түсетiнiне деген үмiтiн білдірді.
Әңгіме барысында Әлім Байел 11 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 15 наурызда еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті.
Осыған байланысты елші Рамиль Хасанға Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың алдағы референдумға байқаушы ретінде қатысуға шақыруын табыстады.
Өз кезегінде Хасан шақыру үшін алғысын білдіріп, ТүркПА делегациясы референдумға халықаралық байқаушылар ретінде белсенді түрде қатысатынын жеткізді.
Бас хатшы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға жоғары баға беріп, қонақтарды ұйымның 2026 жылға арналған жоспарларымен таныстырды.