Инвестициялық холдинг нақты секторды қаржылай қолдауға бағытталған ауқымды жоспарын таныстырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында экономика құрылымын түбегейлі өзгерту – елдің тұрақты дамуы мен сапалы өсуінің басты шарты екенін ерекше атап өтті. Ел экономикасы шикізатқа қана сүйенбей, өңделген өнім шығарып, жаңа өндірістер ашып, инвестиция тарту арқылы әртараптануы қажет. Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі маңызды рөл атқарады. Бүгінде холдинг – ел экономикасына дем беретін қаржылық қозғалтқышқа айналған. Үкімет отырысында холдинг басшысы Рустам Қарагойшин «Бәйтеректің» экономиканы әртараптандырудағы нық қадамдары мен нақты салаларға бағытталған қолдау шаралары туралы егжей-тегжей баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жыл «Бәйтерек» холдингі үшін жемісті жыл болды деуге негіз бар. Жыл қорытындысы бойынша, холдинг ел экономикасын қолдауға 10,4 трлн теңге бағыттаған.
Холдингтің қолдауымен 77 ірі жоба жүзеге асып, өндіріс орындары іске қосылды. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен өңірлердегі экономикалық белсенділік артты деген сөз. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің 27,4 мың жобасына қаржы беріліп, кәсіпкерлердің тынысы кеңейді. Экспорт бағытында да ілгерілеу бар: 131 экспорттаушы қолдау алып, отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік жасалды. Ауыл шаруашылығы саласында 8 млн гектар жер игеріліп, 11,4 мың техника лизингке берілді. Әлеуметтік бағыттағы нәтижелер де назар аударарлық: 77,5 мың отбасы баспаналы болды, оның ішінде кезекте тұрған 11,6 мың азамат қоныс тойын тойлаған.
Жалпы алғанда, былтырғы көрсеткіштер «Бәйтеректің» қаржылай қолдауы нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беріп отырғанын аңғартады.
Инвестициялық холдингтің 2026 жылға да жоспары ауқымды: биыл Үкімет холдингтің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтып, оның қаржылық мүмкіндіктерін арттырмақ. Осылайша, нақты секторды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеге дейін жетеді.
Рустам Қарагойшиннің айтуынша, Өнеркәсіпті дамыту қоры енді құны 7 млрд теңгеден жоғары жобаларды қолдауға бағытталып, шағын және орта бизнес пен басым салаларды дамытуға назар аударады. Осылайша қор машина жасау саласында толыққанды даму институтына айналады, яғни тек қаржы берумен шектелмей, саладағы жобаларға кешенді қолдау көрсетеді.
Ал 7 млрд теңгеден төмен жобалар кезең-кезеңімен, яғни 2028 жылға дейін екінші деңгейлі банктерге беріледі. Яғни шағын және орта бизнеске қаржы берудің жаңа жүйесі енгізіліп отыр – құны 7 млрд теңгеге жетпейтін жобалар банктер арқылы қаржыландырылып, «Даму» қоры банктердің қаражатын пайдалану арқылы ШОБ-ты жанама түрде қолдайды.
Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы ішкі нарыққа арналған жобаларды қолдап, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен тамақ өнеркәсібіне 1 трлн теңге бөледі. Осының арқасында дүкен сөрелеріндегі импортталған өнімдер азайып, отандық тауарлар көбейеді.
Сондай-ақ Қазақстанның даму банкі шикізаттық емес өнімдердің экспортын ілгерілету үшін 2 трлн теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Осылайша өңделген немесе дайын өнім жобаларының саны артып, сыртқы нарыққа «Made in KZ» өнімдерін көптеп шығаруға мүмкіндік болады. Ал Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттық жобаларға 600 млрд теңгеге қолдау көрсетпек.
«Жобаларды қаржыландыруға капитал жеткіліксіз болған жағдайда, QIC (Qazaqstan Investment Corporation) үлестік қаржыландыру арқылы қолдау көрсетеді. Осылайша, Бәйтерек тобының барлық қаржы құралы бизнесті қолдауда бірін-бірі толықтырып, аталған секторларды қолдайды», - деп сендірді холдинг басшысы.
Қазақстан экономикасын әртараптандыру жолында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі маңызды қадамдар жасап жатыр. Компания қаржыландырып отырған жобалар өндірісті кеңейтумен ғана шектелмей, елдің экономикалық қауіпсіздігін, жұмыс орындарының көбеюі мен экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған.
Мәселен, металлургия саласында жалпы құны 3,9 трлн теңге болатын 23 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың арасында металлургиялық кластерді жаңғырту (1,75 трлн теңге), Ақтоғай тау-кен өндірісі (1,85 трлн теңге) мен Ферросилиций өндіру зауыты (127 млрд теңге) бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта Qarmet кәсіпорнын жаңғырту және мысты қайта өңдеу жобалары арқылы металлургия секторын тек шикізат өндірушіден өңделген өнім шығаратын салаға айналдыру жоспарланып отыр. Бұл экспорт әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады.
Машина жасау саласында 21 жобаға 610 млрд теңге қаржы бөлінген. Олардың ішінде кеме жасау зауыты (132,5 млрд теңге) және құйма бұйымдар шығаратын ұста-бандаж кешені (73,2 млрд теңге) сияқты ірі жобалар бар. Бұл жобалар Қазақстанның өндіріс саласын дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мультибрендті автомобиль өндірісі, теміржол вагондарын шығару және ауыр техника жасау жобалары қарастырылуда.
Ал химия өнеркәсібі саласында «Бәйтерек» холдингі 11 жобаны қаржыландырып отыр, олардың жалпы құны – 636 млрд теңге. Олардың ішінде кальцийленген сода зауыты, каустикалық сода зауыты, күкірт қышқылы зауыты сияқты ірі кәсіпорындар бар.
Энергетика және мұнай өңдеу саласында да 1,3 трлн теңгеге 9 жоба қаржыландыру сатысында тұр. Мәселен олардың арасынан газ өңдеу зауыты, метанол газ-химия кешені, Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту жобаларын ерекше атап өтуге болады. Бұған қоса, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жалпы сомасы 39,7 трлн теңге болатын 100 әлеуетті жоба енген. Соның ішінде жасыл сутегі өндіретін зауыт пен Семей жылу электр орталығының жобасы бар.
Ел экономикасын әртараптандырудағы басты салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында «Бәйтерек» холдингі 415,9 млрд теңгеге осы саладағы 69 жобаны қаржыландырып жатыр. Нәтижесінде көкөніс жылыжайлары, бройлер тауық етін өндіру, алма шырыны, жеміс-көкөніс езбесін өңдеу және қаптау сияқты зауыттар пайда болады. Алдағы уақытта майлы дақылдарды өңдеу, астықты терең өңдеу, сүт, ет, тері мен жүнді қайта өңдеу бағытында 2,3 трлн теңгеге 208 жоба қарастырылып, іріктеу жұмыстары жүргізілмек.
«Осылайша, экономиканы әртараптандыру мақсатында Инвестициялық холдинг жобаларды қарастыру мен қаржыландыру жұмыстарын жалғастырады», - деп атап өтті Қарагойшин.
Қорытындылай келе, холдингтің жұмысы – жай ғана қаржы бөлу емес, экономиканы жаңа бағытқа бұруға арналған нақты қадамдар. Қаржыландырылып жатқан жобалар әртүрлі саланы қамтиды. Бұл ел экономикасының шикізатқа ғана сүйенбей, өңдеу өнеркәсібін, өндірісті және экспортты дамытуға бет алғанын көрсетеді.
Былтыр жүзеге асқан жобалар нақты нәтижесін берді: ірі кәсіпорындар іске қосылды, мыңдаған шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілді, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласы қарқын алды. Ал 2026 жылға жоспарланған қосымша капитал экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржыны одан әрі арттыруға мүмкіндік бермек. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, өңірлердің дамуы, отандық өндірістің күшеюі және бюджетке түсетін кірістің көбеюі.