$ 489.3  578.94  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Отыз жылда алғаш рет адвокатура мәртебесі Конституция деңгейінде бекімек - Мәди Мырзағараев

Конституциялық статус бұл адвокаттарға артықшылық беру дегенді білдірмейді

Отыз жылда алғаш рет адвокатура мәртебесі Конституция деңгейінде бекімек - Мәди Мырзағараев
Фото: https://www.instagram.com/madi.myrzagarayev/

Қазақстанда соңғы отыз жыл ішінде алғаш рет адвокатура институтының мәртебесін Конституция деңгейінде жеке баппен бекіту ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс адвокаттарға артықшылық беру емес, азаматтардың сот арқылы қорғану және білікті заң көмегін алу құқығын институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Azattyq Rýhy тілшісіне конституциялық статус адвокатураға қалай әсер ететінін айтып берді.

«Конституциялық статус» ұғымының мәні мен құқықтық маңызы қандай деген сұрағымызға жауап бере отырып Мырзағараев конституциялық статус дегеніміз белгілі бір институттың немесе құқықтың Ата Заңда, яғни Конституцияда бекуі деген сөз екенін түсіндірді.

Яғни ол жай ғана кәсіби немесе салалық деңгейде емес (мысалы, тек арнайы заңда ғана емес), мемлекеттік құрылымның тұрақты элементі ретінде танылады және айқындалады.

«Оның құқықтық маңызы өте зор. Біріншіден, мұндай институт кез келген қарапайым заңнан жоғары тұрады және жоғары деңгейде қорғалады. Екіншіден, оның қызметі мен қағидаттары кездейсоқ өзгерістерге ұшырамайды, яғни тұрақтылыққа ие болады. Үшіншіден, ол құқықтық жүйеде тепе-теңдікті сақтауға қатысатын дербес субъект ретінде мойындалады. Егер мұны адвокатураға қатысты айтсақ, конституциялық статус бұл адвокаттарға артықшылық беру емес. Бұл – азаматтардың сотқа жүгіну, қорғану және білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ететін институт ретінде оның орнын айқындау. Яғни адвокатура - азаматтың құқықтарын қорғау тетігінің маңызды әрі конституциялық деңгейде бекіген бөлігі», - дейді заңгер.

Мәди Мырзағараев жаңа Конституция жобасында конституциялық статусқа қатысты қандай негізгі өзгерістер ұсынылғанын атап өтті.

«Біз үшін, яғни адвокатураға қатысты ең басты өзгеріс - соңғы отыз жылда алғаш рет адвокатура мәртебесінің Конституция деңгейінде жеке баппен бекітілуі. Бұған дейін адвокатура қызметі мен жалпы институттың қызметі тек салалық заңмен реттеліп келді. Енді адвокатураның миссиясы адамның сот арқылы қорғану құқығын және мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесу мәртебесі негізгі заңда тікелей жазылады», - деді ол.

Бұл нені өзгертеді?

  • Біріншіден, адвокатура құқықтық жүйенің шетінде тұрған, формалды элемент емес, мемлекеттің тұрақты әрі негізгі институттарының бірі ретінде танылды.
  • Екіншіден, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жай ғана қызмет түрі емес, конституциялық маңызы бар функция ретінде айқындалды.

«Яғни бұл өзгерістер адвокатураның қоғамдағы және құқықтық жүйедегі орнын күшейтіп, оның тәуелсіздігі мен маңызын жаңа деңгейге көтереді. Бұл жерде азаматтардың міндеттері көбеймейді немесе жаңа ауыртпалықтар жүктелмейді. Негізгі өзгеріс азаматтардың құқықтарының іске асу тетігі жүйеленіп отыр. Яғни азаматтың сотқа жүгіну, сот арқылы қорғану, білікті заң көмегін пайдалану, оның ішінде мемлекет кепілдік берген құқықтарын жүзеге асыру бұрыннан бар құқықтар еді. Енді бұл құқықты қамтамасыз ететін институт – адвокатура – Конституция деңгейінде бекітіледі», - дейді Мәди Мырзағараев.

Бұл азаматқа не береді?

  • Қорғаныс құқығының тұрақтылығы мен сенімділігі артады.
  • Адвокаттың тәуелсіз қызметі конституциялық кепілдікпен қорғалады.
  • Азамат әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғанда оның жанында оның құқықтарын түсіндіріп, мүддесін қорғайтын қорғаушы болады.
  • Адвокат мемлекеттік органдармен, оның ішінде прокуратура мен құқық қорғау органдарымен тең дәрежеде әрекет ете алады, азаматтың мүддесін сенімді түрде қорғайды.

«Нәтижесінде, адвокат мәртебесінің беріктігі азаматтардың құқықтарын жүзеге асырудағы сенімділікті күшейтеді. Бұл өзгерістер құқықтарды шектемейді, керісінше күшейтеді. Конституцияда адвокатураның мәртебесі айқындалған жағдайда азаматтың сотта қорғану құқығы және білікті заң көмегін алу құқығы институционалдық, конституциялық деңгейге көтеріледі. Яғни бұл құқық қағаз жүзінде ғана емес, жүйелі түрде, фундаменталды түрде кепілдікке ие болады. Құқықтың бар болуы мен оның шын мәнінде қорғалуы – екі түрлі нәрсе. Егер қорғау институты әлсіз болса, құқық формальді сипатта қалады. Адвокатураның конституциялық деңгейде танылуы қорғау механизмін тұрақты әрі сенімді етеді», - дейді заңгер.

Сондықтан бұл өзгеріс ешқандай шектеу болып саналмайды. Керісінше, азаматтардың құқықтық қауіпсіздігі мен қорғану тетіктерін нығайтады.

«Қолданыстағы Конституцияда да, жаңа Конституция жобасында да екі ұғым бар: «адам» және «азамат». Адам ұғымына Қазақстан аумағында жүрген кез келген тұлға, азаматтығы жоқ шетелдіктер де кіреді. Азамат дегеніміз – Қазақстан Республикасының азаматы, яғни елімізбен саяси-құқықтық байланысы бар тұлға, қолында Қазақстан паспорты бар адам», - деді ол.

Заңгер атағандай, адвокатураға қатысты нормада адамның құқықтары жайдан жай көрсетілмеген.

«Мемлекет адвокаттардың қорғауын, сот арқылы қорғануды, кепілдік берілген заң көмегін тек қана азаматтарға емес, шетелдік болсын, азаматтығы жоқ адам болсын, Қазақстан аумағында жүрген кез келген тұлғаға қатысты қамтамасыз етеді. Яғни, шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға да Қазақстан азаматтары сияқты сотта қорғалуға, адвокаттың көмегіне жүгінуге құқылы. Мысалы, сайлау құқығы сияқты құқықтар азаматтыққа байланысты бөлек реттеледі: азаматтығы жоқ адамдар мен шетел азаматтарының сайлауға қатысу құқығы жоқ. Ал қорғауға қатысты құқықтар универсалды болып, барлық адамдарға бірдей беріледі. Бұл редакция қорғау институтын тек қана тар шеңберге шектемей, жалпы адамзаттық құқықтық өлшемде бекітеді», - дейді Мырзағараев.

Оның айтуынша, Конституциядағы норма – бұл принципиалды, конституциялық, фундаменталды норма.

«Ол адвокатураның миссиясын, жалпы құқықтық жүйедегі орнын айқындайды. Осы мағынада ол тікелей қолданылатын норма. Себебі кез келген дау немесе құқықтық нормаларды түсіндіру кезінде, егер заңда түсініксіздік туындаса, осы конституциялық нормаларға сүйенеміз. Конституцияда көрсетілген баптың күші тікелей қолданылады. Мысалы, адвокаттың тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін шешім қабылданса, сот немесе басқа орган конституциялық бапқа тікелей жүгініп, оның мазмұнын ескеруге міндетті. Сонымен қатар, бұл бапта адвокаттардың қызмет тәртібі, құқықтары мен жауапкершілігі заңмен айқындалады деп көрсетілген. Яғни, Конституция жалпы қағидатты бекітеді, ал нақты рәсімдер, тетіктер, кепілдіктер мен жауапкершілік құқықтары салалық заң арқылы реттеледі. Былайша айтқанда, бұл норма бағдар беретін, конституциялық тірек, фундамент», - деді ол.

Заңгер атағандай, жаңа Конституциядағы өзгерістер ең алдымен, соттардың қорғау институтына және азаматтардың қорғау құқығына деген көзқарасын өзгертеді.

«Егер адвокатура Конституция деңгейінде бекітілсе, сот кез келген процесте адвокаттың қатысуын формальді талап емес, конституциялық кепіл ретінде қарауға міндетті болады. Бұл дегеніміз, қорғаушының іске қатысуы, дәлелдер ұсынуы, өтініш білдіруі, материалдармен танысу құқығы бұрынғыдан да нақты, жоғары деңгейде қорғалады. Адвокаттың тәуелсіздігіне қатысты мәселелерді сот конституциялық өлшеммен бағалайды. Ұсақ процессуалдық шектеулер кейде құқық қорғау құқығына әсер етуі мүмкін, ал енді Конституциядағы норма бағдар-өлшем ретінде тікелей қолданылады. Әрине, бұл өзгеріс бірден жаңа рәсім енгізіп, сот жүйесін түбегейлі өзгертпейді. Дегенмен, қандай да бір деңгейде сот әділдігін бағалау стандарты күшейіп, оның сапасы да жақсарады», - деп түйіндеді сөзін ол.