16 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды
Еліміздің өңірлерінде көктемгі су басу қаупін азайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жұмыс жол карталары, инженерлік іс-шаралар жоспары және ТЖ-ның алдын алу бойынша өзге де бағдарламалар аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласының коммуналдық қызметтері су тасқыны кезеңіне белсенді дайындық жүргізуде: Алатау және Бостандық аудандарында бұрын маусымдық су басулар тіркелген жеті учаске тұрақты бақылауда. Олардың екеуінде – Көкқайнар шағын ауданында Боролдай өзенінің арнасын кеңейту және Жәңгір-Хан көшесіне сорғы станциясын орнатуға дайындық жүргізу сияқты инженерлік іс-шаралар жүзеге асырылуда. Маусымдық өзгерістер негізінен көп жауын-шашын мен көктемгі қардың еруіне байланысты, бұл қала үшін қалыпты табиғи процес болып табылады. Жалпы қолайлы ауа райы мен топырақтың 37-39 см тереңдікте қатуы еріген судың табиғи сіңуіне жағдай жасап отыр. Су басуды болдырмау үшін қаладан алдын ала 147 мың м³ қар шығарылған, ал орташа тәуекел аймақтары мамандардың тұрақты бақылауында.
Алматы облысында 45,7 км арық, 31 км канал, 4,2 км өзен арнасы, сондай-ақ автомобиль және теміржол жолдарының астындағы 21 су өткізу құбыры тазартылды. Елді мекендерден қар шығару үшін аудан әкімдіктерімен бірлесіп, облыстың барлық ауданында, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалаларында қар полигондары белгіленді, бұл жұмыстар мердігер ұйымдарды тарту арқылы жүргізілуде. Алдын алу мақсатында ТЖД бөлімшелері 38 елді мекенді қамтыған 45 рейдтік іс-шара өткізді. Сонымен қатар 763 адамның қатысуымен 80 кездесу ұйымдастырылып, 564 профилактикалық ұсыным таратылды.
Шығыс Қазақстан облысында қабылданған су тасқынына қарсы шаралардың нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды, 50 елді мекенде тәуекел деңгейі төмендетілді, ал 5 елді мекенде қауіп сақталуда. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес өңірдің жазық аумағының басым бөлігінде суық кезеңдегі жауын-шашын мөлшері қалыпты нормадан 112-146%-ға жоғары болды. Қар жамылғысындағы ылғал қоры, күзгі топырақтың ылғалдануы, топырақтың қату тереңдігі, сондай-ақ температураның ауытқуына байланысты мұз қабығының түзілу ықтималдығы ескеріле отырып, облыс су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына жатқызылды. Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарында тәуекелдің жоғары деңгейі болжанып отыр.
«Жамбыл облысында инженерлік және профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілуде. Өңірге ТЖМ №28237 әскери бөлімінің бөлімшесі келіп, Жанатұрмыс ауылдық округінде орналастырылды. Жұмыстарға 25 әскери қызметші және 2 бірлік техника тартылды. Қалың қар түскеннен кейін Тараз қаласындағы тұрғын үй секторында құм салынған қаптар төсеу, аула аумақтарын еріген судан және арық жүйелерін тазарту жұмыстары ұйымдастырылды, бұл судың еркін өтуін қамтамасыз ету үшін жасалды. Мойынқұм ауданындағы Шу өзенінің су тасқыны қаупі бар учаскесіне маусымдық гидрологиялық бекет орнатылды. Жұмыстар ТЖД қызметкерлерімен, «Қазгидромет» Жамбыл филиалының мамандарымен және облыстық табиғи ресурстар басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Жаңа гидробекет су деңгейін тұрақты бақылауға және ықтимал қауіптерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жетісу облысында су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық жүргізілуде. Инженерлік және профилактикалық іс-шаралар кешені өткен жылдың көктем-жаз айларында өңірді дамыту және елді мекендерді су басу қаупін азайту жоспары аясында басталды. Жалпы 24 су тасқынына қарсы іс-шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда су тасқыны қаупі бар учаскелерде 14 км су ағызу каналдары жасалды және тазартылды, 3 км қорғаныш бөгеттері жөнделді, 11 км өзен арналары мен каналдары механикалық түрде тазартылды. Сонымен қатар 13 км өзен арналарының жағалауларын тереңдету және нығайту жұмыстары жүргізілді. Инженерлік шаралар кешенін жүзеге асыру облыс аумағындағы 17 елді мекеннің су басу тәуекелін елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.
Жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары су тасқыны тәуекелін азайтуға, тұрғындардың мүлкін қорғауға және көктемгі қардың еру кезеңінде маңызды инфрақұрылымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.