Шымкентте газ құбырынан өрт шықты

Автор: Асыл Арман

ТЖМ құтқарушылары газ құбырындағы өртті сөндірді

Фото: ҚР ТЖМ/Видеодан скрин

Шымкентте Еңбекші ауданының «Базарқақпа» тұрғын алабында жеңіл автокөліктің шкафты газ реттегіш пунктіне соғылуы салдарынан газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына қысқа мерзімде жеткен алғашқы өртке қарсы қызмет бөлімшелері жедел қанат жайып, өртті сөндіру мен конструкцияларды салқындату үшін дереу 2 жауынгерлік оқпанмен су атты.

«Өрт сөндірушілер жалынды оқшаулап, оның тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді. Газ-ауа қоспасының соққысы салдарынан жақын маңдағы жеке үйдің терезелері зақымданды.

Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші өрт күшейгенге дейін автокөлік салонынан өз бетінше шығып үлгерген», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.