Burger King-тегі дау: резонанстан кейін басшылардың бірі жұмыстан шеттетілді
Басшы аутизмі бар баланы негізсіз жұмыстан шығарған
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желідегі халық Әлібек Қаратай есімді жас жігітке қолдау білдіріп жатыр. Оның анасы Жанат Қаратай аутизмі бар баласының қиындыққа тап болғанын, дәлірек айтсақ, төрт жыл жұмыс істеген Burger King тез тамақтану желісі тоны жұмыстан шығарып жібергенін жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жанат Қаратай баласы Әлібек Қаратайдың оқиғасын threads әлеуметтік желісінде жазған.
«Мен қатты күйзеліп отырмын. Аутизмі бар ұлым Әлібек 27 жаста. Кішкентайынан бастап барлық қиындықты бірге еңсердік, мен мансабымды тастап, оның дамуына толықтай көңіл бөлдім. Ол мектеп бітіріп, колледжде оқыды, кейін өзіне ұнайтын жұмысын тауып, 4 жыл бойы Burger King-те аспаз болып табысты еңбек етті. Біз қолдаушы ұжымға алғыс айтамыз. Бірақ жаңа басшы келгеннен кейін жағдай өзгеріп, ұлымды жұмыстан кетуге итермелей бастаған. Қазір біз оның адамдарға деген сенімін қайта қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Инклюзивті қоғам туралы түсінік жоқтығы жанға батады», - деп жазды баланың анасы Жанат Қаратай.
Әлеуметтік желіде бұл жазба үлкен резонанс тудырды. Барлық әлеуметтік желі қолданушылары әділдік сұрап, Burger King-ке бойкот жариялауды сұрады.
Burger King Kazakhstan компаниясы Әлібек Қаратайдың жұмыстан шықпағанын, оның әлі де компания қызметкері екенін мәлімдеді. Жұмыстан босату туралы шешім қабылданбаған.
29 қаңтарда HR бөліміне оның демалысқа шығу ниеті туралы хабар түскен, алайда ресми өтініш берілмеген. 6 ақпанда анасы жұмыстан шығу туралы өтініш әкелген, бірақ заң бойынша өтінішті қызметкердің өзі жазуы керек.
Компания басқа мейрамханаға ауысу нұсқасын қоса алғанда, түрлі шешімдер ұсынғанын айтты. Қазіргі уақытта ішкі тексеру жүріп жатыр. Компания инклюзивтілік, тең мүмкіндік және кемсітуге жол бермеу қағидаларын ұстанатынын мәлімдеді әрі қоғамды асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Іске Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласып, жағдайды бақылауына алған.
Алматы қаласындағы мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты мекен жайына барған. Қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесу барысында өтініш беру тетіктері мен еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер жөнінде жан-жақты мәлімет айтқан көрінеді.
«Жұмыс берушіден алынған ақпаратқа сәйкес (“QSR” ЖШС (Burger King), ұйым ішінде қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта жағдайдың барысы қосымша хабарланады», - делінген министрлік хабарламасында.