$ 491.97  583.77  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-дағы дүкендердің бірінде азық-түлік бағасы рубльмен көрсетілген

Дүкен иесіне айыппұл салынды

БҚО-дағы дүкендердің бірінде азық-түлік бағасы рубльмен көрсетілген
Фото: Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті

БҚО-дағы дүкендердің бірінде азық-түлік бағасы рубльмен көрсетілгені анықталды. Бұл туралы БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушы «К»-дан өтініш келіп түсті.

Өтінішке сәйкес, Орал қаласындағы сауда желілерінің бірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы рубльмен көрсетіліп, сатылымға шығарылғаны анықталған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 31-бабы 1-тармағына сәйкес ішкі сауда субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде тауарды жария оферта, шарттар немесе өзге де мәмілелер талаптарына сәйкес белгіленген параметрлер бойынша сатуға міндетті.

Ішкі сауда қағидаларының 16-тармағына сәйкес сатушы сатылатын тауарларға Қазақстан Республикасының СТ РК 3833 «Тауарлар мен қызметтерді сәйкестендіру және оларды кодтау тәртібі» стандартына сәйкес Ұлттық тауарлар каталогы бойынша тауардың атауы, сорты, салмағына немесе бірлігіне арналған бағасы көрсетілген нақты әрі дұрыс рәсімделген баға жапсырмаларының болуын қамтамасыз етуге міндетті.

Аталған Қағидалардың 20-тармағына сәйкес өлшеп-оралған тауарда оның атауы, салмағы, бір килограмының бағасы, нақты салмақ құны, буып-түю күні және жарамдылық мерзімі көрсетілуі тиіс.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес сатушы сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған, баға жапсырмасымен рәсімделген тауар құнын теңгемен көрсетуге міндетті (Заңның 24-бабы 12) тармақшасы).

«Өтініш беруші өтінішке тауардың фотосуретін қоса ұсынған. Фотоматериалдарға сәйкес, сатушы жеке қаптамаларға буып-түйген «қарақұмық жармасы» тауарының бағасы рубльмен көрсетілген.

Кәсіпкерлік субъектісі аталған құқық бұзушылық фактісімен келісе отырып, бұл жағдай сауда нүктесіндегі таразыларға жүргізілген сервистік жұмыстардан кейін орын алған техникалық ақауға байланысты болғанын түсіндірді.

Өтінішті қарау нәтижелері бойынша департамент кәсіпкерлік субъектісін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты», – делінген департамент хабарламасында.

Мақалада

#рубль #сауда #БҚО