$ 496  588.01  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысында конституциялық реформаны қолдау мақсатында өңірлік коалиция құрылды

Өңірлік коалициясы белсенді түсіндіру жұмыстарына кірісті

Павлодар облысында конституциялық реформаны қолдау мақсатында өңірлік коалиция құрылды
Фото: коалиция

Бүгін Павлодар облысында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция құрылды. Оның құрамына өңірдегі бес саяси партия мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Коалиция жетекшісі болып Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы отырысқа қатысушылар жаңа Конституция жобасы қоғамның заманауи сұраныстарын ескере отырып, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталғанын және биліктің барлық тармақтарының тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

Өз кезегінде Илья Теренченко өңірлік деңгейде саяси және қоғамдық күштердің топтасуы тұрғындармен ашық диалог орнатуға және конституциялық өзгерістер туралы кең көлемде ақпарат беруге мүмкіндік беретінін айтты.

Отырыс барысында «Ауыл», «Ақ жол» және «Respublika» партияларының филиал өкілдері, сондай-ақ Облыстық қоғамдық кеңес, Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері сөз сөйледі.

Коалиция жетекшісі атап өткендей, Негізгі заң жобасы ашық қоғамдық диалог форматында әзірленді: отырыстар жария түрде өтіп, тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілді. Осы кезеңде азаматтардан, сарапшылардан және кәсіби қауымдастықтардан 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Олар мұқият зерделеніп, құжатты дайындау барысында ескерілді.

Алдағы уақытта коалиция мүшелері қалалар мен аудандарда белсенді түсіндіру жұмыстарын бастайды. Еңбек ұжымдарымен, сарапшылармен және тұрғындармен кездесулер өткізу, соның ішінде шалғай елді мекендерге шығу жоспарланып отыр. Бұл алдағы референдум қарсаңында ашық талқылау жүргізіп, азаматтарды жан-жақты ақпараттандыруға мүмкіндік береді.