Екі жылға жуық уақытта 90 тонна қоқыс шығарылып, 5 мыңға жуық адам акцияға қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы шеңберінде ел өңірлерінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AMANAT» партиясы бұл бастаманы «Таза бейсенбі» жобасы арқылы жүйелі түрде іске асырып келеді. Партия мәліметінше, Абай облысының Ақсуат ауылында акция Ырғызбай Досқанаұлы атындағы стадион маңындағы саябақта ұйымдастырылды. 100-ге жуық партия мүшесі арнайы техниканың көмегімен аумақты қардан тазалап, қоғамдық кеңістікті ретке келтірді. Аумақтық партия филиалының атқарушы хатшысы Тілеуқабыл Көнекбаевтің мәліметінше, мұндай шаралар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының Алмасай ауылында тұрғындар көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіріп, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Жамбыл ауылында Ж.Қуанышбаев көшесінің бойы қар мен қоқыстан тазартылып, жаяу жүргіншілер мен көліктер қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. Іс-шараға «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және «Жамбыл» бастауыш партия ұйымының мүшелері атсалысты.
Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қараменді батыр ауылында мектеп ұжымы мен оқушылар қарт тұрғынның ауласын қардан тазалап берді. Ал Қызылорда облысының Жаңақорған кентіндегі «Көшпелі базар» аумағында жаяу жүргіншілер жүретін жолдар қардан тазартылды.
Экологиялық акциялар елді мекендерді абаттандырумен қатар, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі бастама ретінде жалғасады.