Қытай көлігінің моторы екі жылда бұзылған: Павлодар тұрғыны сот арқылы 20 млн теңге өндіріп алды
Көлікті салоннан 19,6 млн теңгеге сатып алған
Павлодар облысының тұрғыны құны 20 млн теңгеге жуық қытай көлігін салоннан алғаннан кейін екі жылдан соң моторы бұзылып, артынша сотқа жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысының тұрғыны 2023 жылдың ақпан айында «CHERY TIGGO 8 PRO MAX» маркалы автокөлікті ЖШС-ден 19,6 млн теңгеге сатып алған. Автокөлікке 84 ай немесе 200 мың км жүріс кепілдігі берілген. Көлік банк кепілдігінде болып, сақтандырылған.
2025 жылдың наурыз айында, кепілдік мерзімі ішінде, автокөліктің қозғалтқышы істен шыққан. Көлік ЖШС-тің қызмет көрсету орталығына тапсырылып, ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде тұрған. Көлік иесі сатушы ЖШС-ке бірнеше рет өтінішпен жүгінгенімен, жөндеу жұмысы толық көлемде аяқталмаған.
Сотқа жүгінген автокөлік иесі ЖШС-ке қарсы талап қоюын беріп, ЖШС-пен сатып алу-сату шартын бұзуды, автокөліктің құнын, өсімпұлды, келтірілген залалды және моральдық зиянды өндіруді сұраған.
ЖШС өкілі талап қоюды мойындамай, ақау кепілдік жағдайына жататынын, жөндеу шаралары қабылданғанын, сондай-ақ уақытша пайдалануға басқа автокөлік берілгенін көрсеткен.
«Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарау барысында ақаудың кепілдік мерзім ішінде пайда болғанын және автокөлік иесінің пайдалану ережелерін бұзғанын растайтын дәлелдер ЖШС тарапынан ұсынылмағанын атап өткен. Автокөліктің ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде болуы тауардың елеулі кемшілігі бар екенін дәлелдейді.
Сот Азаматтық кодекс пен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң нормаларын басшылыққа ала отырып, автокөлік иесінің сатып алу-сату шартын бұзу және төленген соманы қайтару туралы талаптарын заңды деп таныды.
Сот сатып алу-сату шартын бұзып, ЖШС-тен автокөліктің құны ретінде 19,6 млн теңге және моральдық зиянды өтеу үшін 150 мың теңге өндіріп алды.
Павлодар облыстық соты ЖШС мен банк берген апелляциялық шағымдарды олардың қайтарып алынуына байланысты қараусыз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.